Моноқалалар өнеркәсіп өнімдерінің 40 пайызға жуығын өндіреді – Президент

4 Қараша 2021, 19:02
1264
Бөлісу:
Моноқалалар өнеркәсіп өнімдерінің 40 пайызға жуығын өндіреді – Президент
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы моноқалаларды дамыту жөнінде республикалық кеңес өткізді, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.


Қасым-Жомарт Тоқаевтың Павлодар облысы Екібастұз қаласына жұмыс сапары моноқалаларды дамыту жөніндегі республикалық кеңес өткізуден басталды.

Мемлекет басшысы Қазақстанда 89 қала бар екенін және олардың 27-сі моноқала санатына жататынын атап өтті. Бұл қалалардағы тұрғындар саны – 1,4 миллион адам. 

Моноқалалар өнеркәсіп өнімдерінің 40 пайызға жуығын өндіреді. Мұнай-газ, металлургия, химия өнеркәсібі және энергетика саласындағы ірі кәсіпорындарымыз сонда шоғырланған. Алайда, бұл қалаларда шешімін таппай келе жатқан түйткілдер аз емес. Әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелер бар. Моноқалалардың экономикасын әртараптандыру айрықша маңызды.  Басқа да салаларды дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу – аса өзекті мәселе, – деді Мемлекет басшысы.   

Моноқалалар өнеркәсіп өнімдерінің 40 пайызға жуығын өндіреді – Президент

Қасым-Жомарт Тоқаев кеңеске қатысушылардың баяндамаларын тыңдағаннан кейін моноқалалардың өзекті проблемаларына егжей-тегжейлі тоқталды. Атап айтқанда, Президент осы елді мекендерге қатысты мемлекеттік саясатты жедел түрде қайта қарау қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы Қазақстандағы моноқалалардың дамуын орнықты экономикалық өсімнен қатты тұралап қалуға дейінгі деңгейде салыстыра отырып, олардың даму перспективалары әртүрлі екенін атап өтті. Оның бағалауынша, кейбір моноқалалар нарыққа бейімделіп, экономикасын әртараптандыра алған. Мемлекет басшысы Кентау мен Екібастұзды, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының моноқалаларын мысал ретінде айтты. Бұл ретте, Президент оң даму көрсеткіштері бар мысалдардың көп емес екенін атап өтті.

Жалпы моноқалаларды дамытуда теңгерімнің жоқтығы айқын көрінеді. Моноқалаларды әлеуетіне қарай негізгі үш топқа бөлген жөн деп санаймын. Бұл мәселеде мейлінше прагматик болу қажет. Өзімізді-өзіміз алдауға және тұрғындарды шатастыруға хақымыз жоқ. Қандай да бір қаланы қолдау шаралары дұрыс жасалған талдауға тікелей байланысты, – деді Президент.

Моноқалалар өнеркәсіп өнімдерінің 40 пайызға жуығын өндіреді – Президент

Мемлекет басшысы Үкіметке әкімдіктермен бірлесе отырып, барлық моноқалаға тиісті талдау жасауды тапсырды. Онда әзірленіп жатқан  Аумақтың даму жоспары мен Өңірлерді дамыту жоспарлары ескерілуге тиіс. Президент осы жұмысты 2022 жылдың 1 наурызына дейін аяқтауды міндеттеді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев шалғайдағы ірі моноқалалар мен еліміздің өзге өңірлері арасындағы стратегиялық көліктік байланыстарды қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.

Мен Нұр-Сұлтан – Алматы тасжолының құрылысын 2023 жылы аяқтауға тапсырма бердім. Бұл жол – Балқаш қаласының әлеуетін айтарлықтай арттырады. Еліміздің Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы қарқынды жүк тасымалы, халықаралық транзит, сондай-ақ бірегей Балқаш көліне қарай ағылған туристердің легі оның ұзақ мерзімді экономикалық өсімін қамтамасыз етеді. 2024 жылы Жезқазған – Қызылорда тасжолының құрылысы аяқталуға тиіс. Бұл Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының сауда-көлік байланысын күшейтуге және жүк транзитін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Президент.

Президент моноқалалардың экономикасын әртараптандыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған негізгі жобалардың маңызды рөліне тоқталды.

Үкімет құны 2 триллион теңге болатын 79 жобаны жүзеге асырып жатыр.  Бұл 20 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бірақ үш моноқалада негізгі жобалар тоқтатылса, Ақсай қаласында бұл жобалар толық іске асырылмаған. Бұл ретте Текелі, Хромтау, Рудный, Ақсай қалаларында жағдай мәз емес. Тұрақты жұмыс істеп тұрған негізгі жобалардың шамамен 75 пайызы 2017 жылға дейін іске қосылған. Бүгінде моноқалалар бойынша ұсынылған 30 жоба әзірге жоспар күйінде қалып отыр. Олардың басым бөлігінің жоспарлануы он жыл бойы созылып келеді. Ақмола, Ақтөбе және Алматы облыстарында мүлдем жоба жоқ. Батыс Қазақстан облысында бір ғана жоба жоспарланған. 19 жаңа жобаның 14-і немесе 75 пайызға жуығы Павлодар және Қарағанды облыстарына тиесілі, – деді Мемлекет басшысы.

Моноқалалар өнеркәсіп өнімдерінің 40 пайызға жуығын өндіреді – Президент

Президент моноқалаларға жақын жерлердегі жер қойнауларына геологиялық зерттеу жүргізу басты міндеттің бірі екенін айтты.

Ең алдымен, Риддер, Хромтау, Жезқазған, Теміртау және Балқаш моноқалаларының аумақтарындағы перспективасы бар 7 учаскеге көңіл бөлген жөн. Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының маңында мыстың игерілмеген ірі кен орындары бар. Салық тәртібі қолайлы әрі тұрақта болса, жер қойнауын пайдаланушылар геологиялық барлауды белсенді жүргізуге және кен орындарын игеруге дайын. Бұл көптеген моноқалаға жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы еліміздің отын энергетикалық орталығы саналатын Екібастұз қаласын дамыту стратегиясына арнайы тоқталды.

2023 жылы МАЭС-1 энергоблоктарын жаңғырту жұмыстарын аяқтау өте маңызды. МАЭС-2-нің үшінші блогының құрылысын аяқтау қажет. Жұмыс созылып кетті. Алдымызда электр қуатының тапшылығына қатысты мәселе туындайтыны байқалады. Құрылысты 2024 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын, – деді Президент.

Моноқалалар өнеркәсіп өнімдерінің 40 пайызға жуығын өндіреді – Президент

Кеңес барысында Президент моноқалаларды дамыту мәселесімен қатар  өңірлердің әкімдері мен Үкімет мүшелерінің назарын жедел әрекет етуді талап етіп отырған бірқатар өзекті мәселеге аударды. Мемлекет басшысы инфляция деңгейінің артуын бірінші мәселе ретінде атап өтті.

Биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 10,4 пайызға қымбаттады. 9 айдың қорытындысы бойынша инфляцияның жалпы өсімі 8,9 пайызды құрады. Егін жинау науқаны аяқталғанымен, көкөністердің бағасы шарықтап тұр. Басқа да азық-түлік тауарларының бағасы қымбаттап барады. Менің тапсырмам бойынша делдалдық әрекеттерді анықтау жөніндегі аймақтық комиссиялар құрылды. Ал, шын мәнінде, ештеңе істелмеген. Нәтижесін мен де, халық та көріп отырған жоқ. Президент Әкімшілігі осы мәселені зерттеп, бір апта ішінде есеп беруі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға  да тоқталды.

Халыққа екпе салу жоспарының тек үштен бір бөлігі орындалуда. Әлемде толассыз анықталып жатқан жаңа штаммдарды ескере отырып, мұның дұрыс емес екенін айтуға тиіспіз. Мемлекеттердің басым бөлігі тұрғындарға вакцинаны қайта салуға кірісіп кетті. Екпе егуді наурыз айында қолға алғанымызды ескере отырып, біз үшін де қайта вакцина салу уақыты келді деуге болады. Үкімет пен әкімдер тұрғындарды қайта вакциналау науқанына кірісуі керек, – деді Президент.

Моноқалалар өнеркәсіп өнімдерінің 40 пайызға жуығын өндіреді – Президент

Еліміздегі жанар-жағармай тапшылығы – өзекті мәселе. Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай өңдеу көлемінің артқанына және мұнай өңдеу зауыттары жаңартылғанына қарамастан, Үкімет пен «Самұрық-Қазына» Қоры мұнай өнімдерінің тапшылығына жол бергенін айтты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы мұнай өңдеу зауыттарын жаңартудың сапасына наразылығын білдірді. Бұл салаға 2 триллион теңге бөлінсе де, мұнай өңдеу зауыттарының жұмыстарын жоспардан тыс тоқтату әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Президент шекарааралық өзендердің, әсіресе, Сырдария, Жайық және Іле өзендерінің тартылып, экологиялық жағдайларының нашарлауына алаңдаушылық білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мәселені шешу үшін су пайдалану тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет екенін айтты. Бұл ретте, жаңа технологиялар мен цифрландыруды да пайдаланған жөн. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы 120 су арнасын қалпына келтіріп, жаңадан 9 су қоймасын салу жөнінде берген тапсырмасын еске салды.

Моноқалалар өнеркәсіп өнімдерінің 40 пайызға жуығын өндіреді – Президент

Президент ауыл шаруашылығын тиімді субсидиялау мәселесіне тағы да тоқталып, соңғы 5 жыл ішінде бұл мақсатта 2 триллионнан астам теңге бөлінгенін атап өтті.

Нәтижесінде не көріп отырмыз? Бюджет қаражаты лезде жоқ болады, олардың жұмсалуы бойынша бірыңғай бақылау қойылмаған. Нақты экономикалық пайда да жоқ. Нарықтарымызда көршілес елдердің ауыл шаруашылығы өнімі басым. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне прокуратурамен және басқа да органдармен бірлесе отырып, осы салаға кешенді талдау жүргізуді тапсырдым. Бұл мәселеге жұртшылық пен аграрийлерді тарту қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Моноқалалар өнеркәсіп өнімдерінің 40 пайызға жуығын өндіреді – Президент

Субсидиялау мәселесіне қатысты сыбайлас жемқорлық пен ақша жымқыру фактілері бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ведомствосының басшысы Марат Ахметжанов егжей-тегжейлі баяндады.

Фактілер,әрине, өте ауыр. Мемлекетке миллиардтап шығын келтіріп отыр. Тергеуді сапалы өткізу маңызды екенін тағы да ескертемін. Сіз айтқан тәжірибе бірнеше жылдар бойы орын алып отырғанын атап өткен жөн. Бұл кеше туындаған мәселе емес. Сондықтан Сізге тергеу жұмыстарын одан әрі жоғары деңгейде жүргізуді тапсырамын. Барлық жауапты тұлғаны жазалау керек. Түптеп келгенде, түрмелерде орын жеткілікті, – деп ескертті Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жуырда Алматы облысының Пенжім елді мекенінде болған оқиғаға тоқталып, қоғамдағы бірлік пен татулықты сақтау және нығайту мәселесіне назар аударды.

 Мектепте жай ғана төбелес болды. Бұған жол бермеу керек еді. Оқушылардың мектеп ішінде жүріп жарақат алуы – төтенше жағдай! Азаматтарымыздың наразылығық білдіргені орынды, оларды түсінуге болады. Одан кейін жастар арасында бұзақылыққа жол берілді. Бірақ мұндай жағдайдың алдын алуға болар еді. Дегенмен, әрекет болмады. Ақпараттық кеңістікте осы оқиға этносаралық сипат алды. Бұл жерде ешқандай да этносаралық жанжал болған жоқ! Алайда елімізге қарсы араңдатушылар мен қаскөйлер аталған оқиғаны басқа сипатта көрсетті. Өкініштісі, құқық қорғау органдарының да, Президент Әкімшілігінің де тарапынан мұндай араңдатушыларға қатысты еш әрекет жасалмады. Біз шара қолданбаймыз ба? Мұндай араңдатушылар еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде. Сондықтан осы оқиғадан дұрыс шешім шығаруымыз керек, – деді Президент.

Моноқалалар өнеркәсіп өнімдерінің 40 пайызға жуығын өндіреді – Президент

Мемлекет басшысы қоғамда түрлі этностар мен конфессиялар өкілдерінің тату көршілік және бейбіт қатар өмір сүру дәстүрін нығайту, жоғарыда аталған оқиғаларға мән беру алгоритмдерін әзірлеу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, еліміздің бірегейлігіне, оның ішінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы нұқсан келтіруге және ұлттық қауіпсіздікке зиянын тигізуге бағытталған кез келген әрекеттерге құқық қорғау органдары тарапынан шара қолданылатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, мемлекеттік аппарат – мемлекетті басқарудың негізі екенін атап өтіп, олар жауапкершілік алып, ең күрделі жұмысты орындауы тиіс деді.

Сонымен қатар кеңес барысында Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, «Самұрық – Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы «ERG» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Эдуард Огай, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек және Риддер қаласының әкімі Дмитрий Горьковой баяндама жасады.

Жиын соңында Павлодар облысының әкімі Президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады, сондай-ақ Екібастұз қаласын дамытудың негізгі жобалары туралы презентация жасады.


Өзгелердің жаңалығы