Моңғолияның Сыртқы істер министрі Қазақстанның елшісін қабылдады

18 Наурыз 2022, 15:27
1789
Бөлісу:
Моңғолияның Сыртқы істер министрі Қазақстанның елшісін қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Моңғолияның Сыртқы істер министрі Батмөнх Батцэцэг Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Жалғас Әділбаевты қабылдады.

Кездесу барысында Ж.Әділбаев қаңтар оқиғаларының себептерін жою бойынша ҚР Үкіметінің қабылдап жатқан шаралары және еліміздің ұлттық заңнамасы мен халықаралық міндеттемелеріне сәйкес ашық тергеу жүргізілуі туралы айтты.

Қазақстандық дипломат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанды» құруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған реформалары мен бастамаларына тоқталды. Осы тұрғыда Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауының негізгі тезистері моңғол тарапына жеткізіліп, Қазақстанның саяси реформалар мен демократиялық қайта құруларды одан әрі жүзеге асыру бағытына бейілділігі расталды.

Өз кезегінде Б.Батцэцэг Жолдаудың негізгі тұстарынан хабардар екенін айта келе, еліміздегі саяси дамудың барысына оң баға берді.

Сонымен қатар екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мәселелері, оның ішінде жоғары деңгейдегі сапарлармен алмасу, қазақстандық-моңғол үкіметаралық комиссиясының отырысы мен СІМ-аралық консультацияларды өткізу, АӨСШК шеңберіндегі іс-шаралар бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті.

Өзгелердің жаңалығы