Моңғолиялық бақылаушы: Сайлау науқаны демократиялық талапқа сай өтіп жатыр

18 Наурыз 2023, 18:54
2275
Бөлісу:
Моңғолиялық бақылаушы: Сайлау науқаны демократиялық талапқа сай өтіп жатыр
Фото: автордан

19 наурызда өтетін депутаттар сайлауын бақылауға келген Моңғолия Парламентінің депутаты Бейсен Бұлан Қазақстандағы саяси науқанға қатысты сұхбат берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 — Сайлау науқаны қалай өтіп жатыр? Халықаралық бақылаушы ретінде қандай баға бересіз?

- Моңғолиядан Қазақстанға екі адам келдік. Менімен бірге Моңғолияның Орталық сайлау комиссиясының басшысы Пурвээ Дэлгэнаран келді. Біз 19 наурызда халықаралық деңгейдегі бақылаушы жұмысын бастаймыз. Байқауымызша, сайлау науқаны бұрынғыдан өзгерек, шынайы өтіп жатыр. Деректерге сүйенсек, 70 пайыздай депутаттар ауысқалы отыр. Сайлаудағы квотаның 30 пайызы жастар мен әйелдерге және мүгедек адамдарға тиесілі болмақ. Осыған қарап демократиялық тұрғыда жүргізіліп жатыр деп бағалап отырмыз.

  – Үгіт-насихат жұмыстарына көзқарасыңыз…

- Өзін ұсынған партиялар мен депутаттардың нақты мақсаттары белгілі. Онда лауазымды орынға барғанда атқаратын істері нақты көрсетілген. Меніңше, мұндай насихат және ақпараттық жұмыс - науқан бәсекесін арттыра түсті.

   - Сайлаудың ұйымдастырылуы қалай? ОСК жұмысы көңілізден шықты ма?

- Сайлаудың жалпы ұйымдастырылуына оң баға береміз. Орталық сайлау комиссиясы 700-дей халықаралық байқаушыны қабылдады. Барлық сұрақтарға ашық жауап беріп, науқан кезінде қандай іс-шаралар болатыны жөнінде айтып берді.

  – Адам құқықтарын қорғау деңгейі қандай? Қазақстанның биылғы тәжірибесі басқа елдерге үлгі бола ала ма?

- Әрине, Қазақстанда 7 партия бәсекеге түскелі жатыр. Сайлау кезінде қандай да бір жағдай болса полиция қызметі және басқа да тәуелсіз ұйымдардың жіті қарауында болады. Саяси бәсеке болғандықтан қызу жүретіні белгілі.

– Халықаралық бақылаушы ретінде нақты нені назарларыңызда ұстайсыздар?

- Ең алдымен, берген дауыс қалай саналады сол қаралады. Екіншіден, адамдар қандай заңсыздықтарға жол беруі мүмкін, ол да басты назарда. Үшіншіден, сайлаушыға әсер ететін факторлар қандай осы мәселені де байқаймыз. 

  – Моңғолиядағы сайлау жүйесі мен Қазақстандағы сайлауда айырмашылық бар ма?

- Моңғолияда Парламент сайлауы мен өңірлердегі сайлау науқаны бірге жүрді. Біздің сайлау келесі жылы өтпек. Онда заңбұзушылықтарға жол беру, бірнеше партияның басымдығы секілді мәселе бар. Моңғолияда екі партия - Демократиялық және Халық партиясы бар. Келесі жылы партия саны көбеюі мүмкін.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Бейсен Бұланұлы – Моңғолия парламентіндегі этникалық 3 қазақтың біреуі. Ол парламентке осы елдің демократиялық партиясы атынан түсіп, халық таңдауына ие болған. Білікті дәрігер.

Өзгелердің жаңалығы