Астана, BAQ.KZ тілшісі. Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында 9 наурыз күні Қазақ күресінен Моңғолия чемпионаты өтеді. Бұл туралы Азия Қазақ күресі федерациясының президенті Хашбаатар Цагаанбаатар хабарлады.
55 келіден бастап 100 келіден жоғары салмаққа дейін 8 салмақ дәрежесінде белдесетін балуандарға берілетін жүлде қоры да қомақты. Нақтырақ айтсақ 6 млн төгрөг (860 мың теңге). Бас жүлдеге 1 млн төгрөг (150 мың теңге).
«Мақсаты Моңғолияда қазақ күресін дамыту, жастарды спортпен шұғылдану үрдісіне тәрбиелеу. Сондай-ақ, чемпион атанған спортшылар қазақ күресінен өтетін Азия және Әлем чемпионаттарына қатысуға жолдама алады» – дейді Хашбаатар Цагаанбаатар
Ұланбатырда өтетін дүбірлі доданы «Asian qazaq kuresi» федерациясы ұйымдастырып отыр. Наурыз мерекесіне орай өтетін сайысқа қазірдің өзінде 100-ге жуық балуан қатысуға ниет білдіріп отыр.
Қазақ күресінен Моңғолия чемпионаты алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Осыған орай қазақстандық төрешілер де Ұланбатырға барды.