Тараз. BAQ.KZ тілшісі. Дер кезінде көрсетілген маман көмегінің созылмалы аурулардың алдын алуға тигізер септігі мол. Алайда медициналық қызметтің қолжетімділігі мәселесі ауылдық жерлерде әлі де өзекті күйінде қалып келеді. Жамбыл облысында бастау алған «Мобильді емхана» жобасы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді.
Аудан орталықтарынан шалғай жатқан елді мекендердің тұрғындары көп жағдайда денсаулықтары сыр берсе де, дәрігерге уақтылы көрінуді кейінге шегере беретіні бар. Бара салғанға – жол алыс, кезек күтіп, сараптама жасатып, сабылудың әуре-сарсаңынан да қашады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда барлық ауылдарды фельдшерлік-акушерлік пунктермен және дәрігерлік амбулаториялармен жабдықтауды бекер тапсырған жоқ.
Аймақ басшысының орынбасары Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, өңір тұрғындарының 60 пайызы ауылды жерде тұрады. Сондықтан, жергілікті атқарушы биліктің міндеті – әр елді мекенде медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Медициналық қызметтің мобильді түрі ауылдағы денсаулық сақтау саласының тиімді дамуына ықпал етеді. Облыста үш жылжымалы мобильді кешен бар, жылдың аяғына дейін тағы 8 жылжымалы кешен сатып алу жоспарланып отыр, - дейді Ержан Жұматұлы.
Тамыз айында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Тараз қаласындағы филиалының ашылуы бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған болатын. Жоба облыс әкімдігі мен университет арасында жасалған екіжақты келісімдер аясында іске асуда. Алдағы уақытта да шалғайдағы елді мекен тұрғындарына кешенді медициналық көмек көрсету ісі жоспарлы түрде жалғасын табады.
Мобильді топ терапевт, педиатр, кардиолог, УЗД (УЗИ), невропатолог, онколог және акушер-гинеколог мамандарынан жасақталған. Оларға С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық университетінің білікті мамандары, медицина ғылымдарының докторлары мен доценттері қосылып отыр. Үш бағытқа, Сарысу, Талас, Мойынқұм аудандарының шалғайдағы елді мекендеріне жол тартқан көшпелі емхана тұрғындарға дәрігерлік кеңес беріп, қызмет көрсетеді.
«Мобильді емханада» балаларға да тиісті көмек көрсететінін айта кеткен жөн. Сала мамандарының сөзінше, алдағы уақытта ұлттық медицина университетінің 20 оқытушысы кірген бригада ауылдарда зертханалық диагностикалық зерттеулер жүргізуді тұрақты түрде ұйымдастырып тұрмақшы.
Жалпы, Жамбыл облысындағы ауылдық жерлерде соңғы 5 жылда 120 медициналық нысан пайдалануға берілді. Алдағы жылдарда тағы 68 медорталық салынады. Дегенмен, аудандарда дәрігерлік кадрларға қажеттілік әлі де бар. Нақтырақ айтсақ, 129 маман керек. Оған өңірдегі емдеу мекемелерінде зейнетке шықса да, еңбек етіп жүрген 93 дәрігерді қосса, бұл көрсеткіш алдағы уақытта өсе түспек, - деген Ержан Жылқыбаев еңбек жолын елді мекеннен бастауға бел буған 20 шақты ғана жас маман бұл сұранысты қанағаттандыра алмасы анық екенін де жеткізді.
Осыны ескерсек, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Тараз қаласынан филиалын ашу туралы бастама дер кезінде көтерілген. Облыс орталығындағы медициналық мекемелердің базасында резиденттерді даярлау – кадр тапшылығы мәселесін шешуге ықпал етері сөзсіз. Алдағы уақытта әлеуметтік кепілдіктер беріле отырып, ауылда еңбек етіп жүрген жас мамандарды қайта даярлау мәселесі де қарастырылмақ.