Мобильді аударымдарға қатысты шектеу: кімдер бақылауға алынатыны белгілі болды

1 Тамыз 2023, 20:48
1110
Бөлісу:
Мобильді аударымдарға қатысты шектеу: кімдер бақылауға алынатыны белгілі болды
Фото: Артём Чурсинов - Архив

Келесі жылдан бастап банктер жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары бойынша деректерді салық органдарына береді, деп хабарлайды BAQ.KZ мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап

Комитеттің ақпаратынша, қазір кейбір кәсіпкерлер банктерде ашылған жеке шотына сатылған тауар, көрсетілген қызмет үшін мобильді аударымдар арқылы ақы алады. Яғни бақылау-касса машиналары (БКМ) мен POS-терминалдарды қолданбайды, тиісінше клиентке чек бермейді.

Салық органдары бұл ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделген заңбұзушылық екенін еске салды. Ал егер заңбұзушылық қайталанса, салық төлеушінің субъектілігіне байланысты 15-тен (51 750 теңге) 50 АЕК-ке (172 500 теңге) дейін айыппұл салынады.

Қазақстан Конституциясына сәйкес салық төлеу – әркімнің міндеті. Салық органдары заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығару мақсатында тиісті бақылау жүргізеді. 2024 жылдан бастап банк ұйымдары жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары бойынша деректерді береді. Күнтізбелік үш ай қатарынан ай сайын 100 түрлі тұлғадан мобильді аударымдар алған азаматтар бақылауға алынады, - деп мәлімдеді мемлекеттік кірістер комитеті.

Ведомство атап өткендей, бұл өзгерістер адал салық төлеушілерге әсер етпейді және тек заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған.

Яғни, жеке тұлғалар бұрынғыдай өздерінің жеке мақсаттары үшін – туыстарына, достарына, ата-аналары мен балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға арналған аударымдарды жасай алады және қабылдай алады, - деп нақтылады комитеттегілер.

МКК ақпаратынша, бақылау-касса машиналарын қолдануды жеңілдету үшін 2022 жылдан бастап БКМ функцияларын екінші деңгейлі банктердің POS-терминалдарымен біріктіру бойынша пилоттық жоба жүргізілуде. Бұл БКМ мен POS-терминалдың бір чегін беруге мүмкіндік береді. Пилоттық жобаға Каспий банк, Халық банк және Банкцентркредит қатысып жатыр.

Сонымен қатар, БКМ чектерін бермеу фактілерін анықтау бойынша «Азаматтық бақылау – чекті талап ет» акциясы өткізілуде. Анықталған заңбұзушылықтар туралы Wipon cashback тегін мобильді қосымшасы арқылы хабарлауға болады.

Өзгелердің жаңалығы