Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Дәл қазір елордада тікелей эфирде Talda.kz алаңында сарапшылар "Митингті қалай өткізу керек?" тақырыбында пікір-талас өтті. Азаматтар митингілер не үшін қажет екенін түсінеді ме? Олардың нәтижесі бар ма? Митингке қатысу - әрбір азаматтың конституциялық құқығы.
Дегенмен, міндеттер де бар – ол қоғамға қауіп төндірмеу. Осы және өзге де сауалдар талқыланып жатыр. Өздеріңізге мәлім, кешелі бері Қазақстанда "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң жобасының тұжырымдамасы белсенді талқылануда. Жоба әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, көптеген мәселені тудыруда.
"Сіздің ойыңызша, бейбіт митингтер елдегі жағдайды жақсарта ала ма" деген сауалға Facebook желісінде барша белсенді азаматтар пікірлері мен ойларын ұсынып, сындарын айтты.
Біз мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында заңның тұжырымдамасын көпшіліктің талқысына ұсынып отырмыз. Жаңа заңды әзірледік. Жаңа заңда жиналысты өткізу туралы хабарлау рәсімі алғаш рет қолданылады. Хабарлама беру тәртібі уәкілетті органнан қандай да бір жауап немесе келісім алмай-ақ, 250-ден көп емес адам қатысатын жиындарды өткізу үшін қарастырылған. Бейбіт жиналыстар, демонстрациялар, шеру және митингілер өткізуге рұқсат беру 250-ден астам адам қатысқан жағдайда ғана қажет болады. Біз бірнеше шетелдік тәжірибені зерттеп, зерделедік. Өздеріңізге мәлім, оның 2 моделі бар. Рұқсат ету және хабарландыру. Франция, Германия, Нидерланды және Польша елдерінде хабарландыру моделін қолданады. АҚШ, Жапония, Швеция және Ұлыбритания елдерінде рұқсат беру моделі пайдаланылуда. Осы заң жобасын әзірлеуде заңдылық, еркіндік, күштемеу, мемлекеттік қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтау принциптеріне сүйеніп дайындадық, - дейді бүгінгі сараптамалық алаңға қатысқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова.
Бүгінгі пікір-таластың модераторы, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов Facebook желісінде жүргізіліп жатқан сауалнаманың бүгінгі көрсеткішімен бөлісті.
Біз бүгін сарапшыларды Talda.kz деген сараптамалық платформамызға шақырдық. Қазір елде қызу талқыланып жатқан бейбіт митингілер өткізу заңына өзгерістер жүргізу процесі жүріп жатыр. Оның тұжырымдамасы жарияланды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі барлық мәтіндерді интернетке шығарды. 21 ақпанға дейін осы заңға өзгерістер енгізу үшін халық ұсыныстарын білдіре алады. Сол себепті бүгін эфирге шығып отырмыз, - дейді Мұрат Әбенов.
Оның айтуынша, "Бейбіт митингтер елдегі жағдайды жақсарта ала ма?" деген сауалға бірнеше жауап нұсқалары берілген. Соның ішінде көш бастап тұрғаны мынадай:
Біріншісі: Бірақ митингілерді бастаушылар жауапкершілікті өз мойнына алып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуі, басқаларға кедергі келтірмеуі керек;
Екіншісі – Иә, мен кейде билікке қол жеткізуге болады деп ойлаймын, оларды шектеусіз өткізуге толық еркіндік болуы керек;
Үшіншісі – жоқ, менің ойымша , митингілер жағдайды тұрақсыздандырады, далаға шықпай-ақ бәрін шешуге болады;
Төртіншісі: Иә. Митингілер, шерулер өткізу ережелерін оңайлатып, өткізілетін орындардың санын арттыру және қолдау көрсету қажет.