Митингке шығып жүргендер ақшаны QIWI арқылы алып жатыр – депутат

26 Қыркүйек 2019, 16:29
3546
Бөлісу:
Митингке шығып жүргендер ақшаны QIWI арқылы алып жатыр – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің экономикалық жұмыс тобында депутат Омархан Өксікбаев сырттан келетін қаржыны ҰҚК-ның бақылауы дұрыс емес деп санайтынын айтты.

Бүгін Мәжілісте «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Отырыста депутат Омархан Өксікбаев қаржыға мониторинг жасауға ҰҚК-ны кірістіруге қарсы шықты.

«Көшеге шығып жүргендерді қалай қаржыландырып жатқанын жақсы білеміз. Украинадан келеді. QIWI деген осы мониторингке кіре ме? Қазір біздің мына өзгерістеріміз соны тоқтата ма, жоқ па? Соның алдын ала ма, алмай ма? Өйткені, көшеге шықсаң да, террорлық акт жасасаң да бірдей. Себебі, екеуін де қаржыландырады. Бұл - микроқаржы. Ол сіздердің мониторинг жасайтын сома көлеміне кірмейді. Бірақ оны 100 адамға таратқанда қомақты ақша. Ал енді осы мәселенің алдын алатын қандай шаралар жасалып жатыр? Не шешілді, не көзделді? Бұл да террозимге қатысты дүние. Себебі, қоғамдық тәртіпті бұзып отыр. Тіпті, терроризмнен де күрделі мәселе. Мемлекеттің ішкі қалыптасу жағдайын бұзып отыр. Сондықтан бұған да көңіл бөлу керек», - дейді Омархан Өксікбаев.

Оның айтуынша, мұндай істер әкімшілік жазамен шектелуі тиіс емес. Нақты ақшамен қаржыландырып отырғандар жазалануы керек деп санайды.

«Бұл жерде нақты кім айналысатынын белгілесе. Мен қауіпсіздік комитетінің осы шарамен айналысқанына қарсымын. Олар терроризмнің әр жағындағы мәселені жүргізе берсін. Одан да экономикалық мәселені реттейтін орган өз мойнына алғаны дұрыс. Қаржы мониторингіне берейік. Қауіпсіздік комитетіне берсек, бұлар барлық ақпаратты біліп отырады. Сосын бизнес өкілдерінің бәрі үркіп қашып жүретін болады. Мүмкін қатысы жоқ дүние де болуы мүмкін. Бірақ ҰҚК болмайтын жерден ұстап алып, бизнес субъектілерін үркітіп тастайды. Сондықтан оларға беруге болмайды», - дейді депутат.

Өзгелердің жаңалығы