Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Кентау қаласы Шаға ауылдық округінде "Егінжай – 2020" атты ауылшаруашылық облыстық семинар-кеңесі өтті. Шараға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев, аудан, қала әкімдері, ғылыми институт басшылары, ғалымдар, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен бірқатар инвесторлар қатысты.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Cеминар агроқұрылымдарды ірілендіре отырып, заманауи озық технологияларды енгізу бағытында өткізіліп отыр. Осы бағыт аясында Түркістан қаласы аумағында 1458 шаруашылық 9 кооперативке бірігіп, 11 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиясын ендіру көзделген болатын.
Биылғы жылы Түркістан облысында 825,4 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, меже 100 пайызға орындалған. Соңғы екі жылда Түркістан облысында егіс көлемі 12 мың гектарға артқан. Егістікті әртараптандыру мақсатында биылғы жылы мал азықтық дақылдарға ерекше көңіл бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі 10 мың гектарға өсіп, 211,1 мың гектарға жеткен.
Семинарда сөз алған облыс әкімі Мемлекет басшысы тапсырмасына орай Түркістан облысының табиғи-климаттық жағдайын, мүмкіндігін ескере отырып, негізгі 3 бағытты дамытуға басымдық берілетінін тілге тиек етті.
Бірінші бағыт – агроқұрылымдарды ірілендіре отырып, заманауи озық технологияларды енгізу. Екінші бағыт – "Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу" жобасын кеңінен ендіру. Үшінші бағыт – жеке үйіргелік қосалқы шаруашылықтардың ауласына тамшылатып суғару технологиясын ендіру арқылы ерте пісетін көкөніс, картоп, бақша өнімдерін өндіру, – деді Өмірзақ Естайұлы.Семинар барысында Түркістан қаласын көркейту мен абаттандыру және дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларын Түркістан облысы әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Бұдан бөлек Өмірзақ Естайұлы "Түркістан Агро ХХІ" ЖШС-нің алқабында Түркістан облысында алғашқы рет жаңбырлатып суғару технологиясымен егілген күздік бидайды ору науқанына қатысты. Сондай-ақ ғалымдардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, екінші өнімге жүгері дақылын егу үшін топырақ өңдеу тәжірибесі көрсетілді.
Түркістан облысының табиғи-климаттық ерекшелігіне орай республикада бірінші болып 230,0 мың гектар егілген астықты ору науқаны басталды. Гектар түсімділігі 21 центнерден болады деп күтілсе, жалпы 478 мың тонна дән жиналады деп болжануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 мың тоннаға артық.