Министрлікті екіге бөлу толығымен аяқталды - Аймағамбетов

25 Тамыз 2022, 12:00
936
Бөлісу:
Министрлікті екіге бөлу толығымен аяқталды - Аймағамбетов

Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігін қайта құру аяқталды. Үкімет тиісті қаулы қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Facebook желісіне осылай деп хабарлады.

Мемлекет басшысының министрлікті бөлу туралы шешімі - отандық ғылымның да, жоғары білім беру жүйесінің де, жалпы білім беру саласының дамуы үшін де өте маңызды. Бұл құрылған екі министрлікке алға қойылған міндеттерге және проблемаларды шешуге егжей-тегжейлі назар аударуына мүмкіндік береді. Енді Оқу-ағарту министрлігінің құзырына мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беру, балалардың құқықтарын қорғау мәселелері кіреді. Министрліктің қарамағында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету мәселелері де бар, - деді министр жазбасында.

Аймағамбетов жоғары білім және ғылым мәселелерімен Ғылым және жоғары білім министрлігі жұмыс істейтінін атап өтті.

Жаңа министрліктің басшысы – әріптесім Саясат Нұрбек. Саясат Нұрбекұлының мол тәжірибесі, білімі мен жоғары кәсібилігі министрлік жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретініне сенімдімін. Бұған дейін әріптесім Білім және ғылым министрлігі жанындағы жұмыс топтарының құрамында болып, осы салалардың көркейіп, дамуына септігін тигізген маңызды жобаларды жүзеге асыруға үлес қосты. Әріптестеріме қазақстандық ғылым мен жоғары білімді елімізде және шет елдерде дамыту үшін алға қойған барлық жоспар мен жобаны жүзеге асыруға тілектеспін! - деді Оқу-ағарту министрі. 

Өзгелердің жаңалығы