Қазақстанда Көлік министрлігінің қызметкерлері Бас көлік прокуратурасымен бірлесіп, жеке теміржол компанияларының пойыздарын тексеріп, бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Рейдтік іс-шаралар аясында мобильді топтар бірнеше тасымалдаушының құрамдарын тексерді. Олардың қатарында «Сары-Арқа Компани» ЖШС (Астана – Орал бағыты), «Kaz Rail» ЖШС (Астана – Арқалық), «Түрксиб Астана» ЖШС (Қостанай – Алматы) және «Nomadas» ЖШС (Қызылорда – Көкшетау) бар.
Тексеру барысында вагондардың техникалық жай-күйіне, мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған купелердің жабдықталуына, төсек-орын жабдықтарының санитарлық жағдайына, сондай-ақ бейнебақылау жүйелерінің жұмысына ерекше көңіл бөлінді.
Министрлік мәліметінше, тексеру нәтижесінде ішкі жабдықтардың жағдайы мен қызмет көрсету деңгейіне қатысты жекелеген кемшіліктер анықталған. Инспекция қорытындысы бойынша тасымалдаушыларға анықталған заңбұзушылықтар көрсетіліп, тиісті актілер рәсімделді.