Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Семейде болған өрттен кейін қандай істер атқарылғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл жазда Семей орманында алапат өрт орын алғанын баршаңыз білесіздер. Орман саласының 15 қызметкері тілсіз жаудың құрбаны болды. Үлкен алқапта болған өрттің бірден бір себебі табиғатты қорғау және орман шаруашылығы мекемелерін техникамен қамтамасыз етудің төмен деңгейі, атап айтқанда 70% деңгейінде ғана қамтамасыз етілген. Ал қолданыстағы техниканың 60%-дан астамы есептен шығаруға жатады, - деді Нысанбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Министр Семей орманында 65 өрт сөндіру машинасының 30 машинасы 1971-2003 жылдар аралығында шығарылғанын айтады. Соынмен бірге 1974 жылы шыққан ГАЗ-66, 1973 жылы шыққан Урал-375 және 1980 жылы шыққан ЗИЛ-131 экспонаттарын мысалға алды.
Осы жылы қалыптасқан жағдайды дұрыстау мақсатында техниканы жаңартуға 13,4 млрд теңге бөлінді. Жылдың соңына дейін табиғат қорғау мекемелеріне 29 өрт сөндіру автомашинасы, 59 орман өртін сөндірудің шағын кешені, 151 трактор, 58 патрульдік көлік жеткізілетін болады. Оның ішінде, Семей орманына 10 өрт сөндіру машинасы, 14 орман өртін сөндірудің шағын кешені, 8 өрт сөндіру прицепі жеткізіледі, - деді Экология министрі.
Еске салсақ, 8 маусым күні «Семей орманы» резерватынан өрт шықты. Өрттің жайылып кетуіне байланысты Семейде төтенше жағдай жарияланды. 9 маусымда табиғи өртке байланысты жедел желі ашылды. Өртті ауыздықтауға Алматы қаласынан, Алматы, Жетісу және Қарағанды облыстарынан қосымша күш пен құралдар жіберілді.
10 маусым күні Юрий Ильин Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі лауазымынан босатылды. Оның орнына Сырым Шәріпханов ҚР Төтенше жағдайлар министрі лауазымына тағайындалды.
10 маусымда Абай облысындағы өрттен 14 адамның қаза болғаны белгілі болды. Экология және табиғи ресурстар министрлігі Семейдегі орман өртін сөндіру кезінде көз жұмған азаматтардың аты-жөндерін жариялады.
13 маусымда өртті сөндіруге атсалысқан тракторшы Сергей Архиповтың денесі табылып, өрт құрбандарының саны 15-ке жетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жұмыс сапарымен барды, ол өрт аумағын аралап шықты. Кейіннен Тоқаев 12 маусымды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Тоқаев өртке салғырт қараған адамдардың барлығы жазаланатынын айтты. Президент Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс жариялады.
Абай облысындағы орман өртінен қаза тапқандар «Құрмет» орденімен марапатталды.
Прокуратура Абай облысындағы орман өрті бойынша қылмыстық іс қозғады.
Бұған дейін министрлік Семейдегі орман өрті салдарынан табиғатқа келтірілген залал туралы айтты.