Министрлік сараптама нарығында монополия орнатуды көздеп отыр ма

26 Желтоқсан 2023, 12:25
3623
Бөлісу:
Министрлік сараптама нарығында монополия орнатуды көздеп отыр ма
Фото: Арман Мухатов - Архив

Жаңадан құрылған Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі биыл Құрылыс кодексінің жобасын даярлаған болатын. Алайда, судай жаңа Құрылыс кодексінен, атап айтқанда оның 123-бабынан ши шықты, деп хабарлайды Baq.kz.

Ақордаға хат жолдады

207 ұйымды біріктірген «Сараптама ұйымдары палатасы» аккредиттелген сараптамалық ұйымдардың ұлттық бірлестігі мен 1300 аттестацияланған сарапшы азамат осы мәселеге орай Президент Әкімшілігіне, Парламент Мәжілісіне, Ұлттық экономика министрлігіне және Әділет министрлігіне хат жолдады.

Хатта Құрылыс кодексін әзірлеу барысында Кәсіпкерлік кодекстің нормалары бұзылғанын атап көрсетілген. Кәсіпкерлік кодекстің нақты қандай баптары бұзылғаны да жазылған. Сондай-ақ Құрылыс кодексінің 123-і бабының да бірқатар заңнамалық құжаттарға қайшы екендігі айқын көрініс тапты.

Қарсылық неден туындады?

Құрылыс нарығына сараптама жасаушы компаниялар осы бапта қарастырылған мәселе нарыққа тигізетінін айтып, белсенді түрде қарсылық білдіріп жатыр. Олардың пікірінше, министрлік Құрылыс кодексіндегі норма арқылы құрылысқа сараптама жасау нарығының басым бөлігін бәсекелік ортадан тартып алып, монополия орнатуды көздеп отыр. Түптеп келгенде, бұл өзгеріс тұтас саланы құрдымға жібергелі тұрған жайы бар.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да нарық ойыншыларына қолдау танытуда. Кәсіпкерлер мүддесін жақтаған палата 123-ші бапты Кодекстен мүлдем алып тастау керек, сөйтіп Сәулет және қала құрылыс туралы тиісті заңға түзету жасап, содан кейін ғана енгізу қажет дейді.

Жалпы, сараптама нарығын дүрліктірген проблема кеше ғана басталған жоқ, биыл сәуір айында басталған болатын. Содан бергі аралықта «Сараптамалық ұйымдар палатасы» сол кездегі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің құрылыс жобаларын сараптау саласын мемлекеттік монополияға қайтару әрекетіне байланысты бірқатар мемлекеттік органдардың қатысуымен бірнеше отырыс өткізді. Мемлекет басшысына және еліміздің Бас прокуратурасына хат жолдап, мәселенің оңынан шешілуіне араласуын сұрағанын да айта кету керек.

Нарықтағы компаниялар бұл мәселеге Әділет министрлігінің де, Монополияға қарсы агенттіктің де назарын аударды. Ақыры дербес сарапшы ұйымдарының үніне тиісті органдар көңіл аударып, мәселе шешімін тапқандай болған еді. Алайда, Құрылыс министрлігі проблеманы тағы көтеріп, сараптама арығын монополиялау ісін тікелей Құрылыс кодексі арқылы шешіп алуға тырысып отырғаны белгілі болды.

123-баптың құрылыс нарығына

кері әсері қандай?

Енді 123-бапқа нақты тоқталып, оның қандай кері әсері болатынына көз жүгіртіп көрейік.

Аталған бап бойынша, елдегі жалпы құрылыс нарығында жүргізілетін мемлекеттік емес сараптама жұмыстарының көлемін 80 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетіп, есесіне мемлекеттік монополияны 20 пайыздан 90 пайызға дейін ұлғайтатын норма енгізіліп отыр, - дейді Сараптамалық ұйымдар палатасының президиум төрағасы, Қазақстанның Еңбек сіңірген архитекторы Серік Рустамбеков.

Тағы бір атап өтерлігі, сараптама ұйымдарының пікірінше, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі барлық қала құрылысына қатысты жобалау және кешенді сараптама жасау саласында консультациялық қызмет көрсетуде мемлекеттік сараптамада супермонополия орнатуды көздеп отыр. Алайда, қала құрылысы жобалары бойынша жетекші мамандардың айтарлықтай бөлігі мемлекеттік емес сараптамада жұмыс істейтіні ескерілмеген.

Палата жобаларды сараптау саласындағы мемлекеттік монополияның үлесін арттыру қолданыстағы заңнамаға қайшы келеді деп санайды. Мемлекеттік органның бастамасы ел президентінің 2022 жылдың 8 ақпанындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған құрылыс саласын монополиядан арылту туралы тапсырмасына қайшы келетінін ерекше атап өткен жөн, - дейді Серік Рустамбеков.

Сарапшының айтуынша, бүгінгі таңда бұл салада жұмыс істейтін үкіметтік емес сараптама ұйымдарының жалпы саны -207. Яғни, Құрылыс кодексіндегі 123-бап өзгеріссіз қалса, осы компанияларда істейтін екі мыңнан астам адам жұмыссыз қалмақ. Өкілетті орган тарапынан олардың шығынын өтеу мәселесі де қарастырылмаған.

"Мемлекеттік орган бірінші кезекте «Мемлекеттік сараптама» мемлекеттік кәсіпорнының жұмыс сапасын арттыруға назар аударуы керек. Мына «жаңашылдық» аталған мекемеге жүктелетін жұмыс ауқымын 4,5 есеге арттырады. Бұл түптеп келгенде құлдырауға, сараптама сапасының төмендеуіне әкеліп соқтырады. Қазір олар 20 пайыздық жұмыс үлесінің өзінде үлкен қателерді көптеп жіберіп отыр, түсіп жатқан шағымдар да аз емес. Ал мемлекеттік сараптама көлемінің 90 пайызын алған кезде жағдайдың қалай боларын елестете беріңіз", - дейді сарапшылар.

Осы ретте, Экономика министрлігі реттеу ықпалын сараптаудың қажеті жоқ деп есептейді, өйткені ол қатаңдатылмайды, бизнеске жүктеме жасалмайды.

Кодекс жобасында құрылыс объектілеріне сараптаманың 90 пайызға дейіні мемлекеттік монополияға берілетіні анық көрсетілген. 207 сараптамалық ұйымның жабылуы бизнеске түсетін салмақты арттырмай ма? Сараптамалық ұйымдар тек дербес ақпараттық жүйені дамытуға 150 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған. Бұл шығындарды қай мемлекеттік орган өтейді, - деп атап өтті Сарапшылар ұйымдары палатасының президиум төрағасы Серік Рустамбеков.

Даулы мәселеге депутаттар араласты

Мәжіліс депутаты президиум төрағасы Болатбек Нажметдинұлы осы мәселеге араласып, Қазақстан Республикасы премьер-министрі және Монополияға қарсы агенттік төрағасының атына сауал жолдағаны да тегін емес.

Біз «Мемсараптама» РМК-ны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын» КеАҚ-ның құзырына, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі немесе басқа да кез келген мемлекеттік құрылымға беру арқылы мүдделер қақтығысын, ведомстволық бағыныстағы ұйымды лоббилеу шарттарын жою туралы кезекті үндеу дайындап жатырмыз. Бұл уәкілетті орган – Құрылыс істері комитеті мен Сараптама ұйымдары арасындағы тең қашықтықты қамтамасыз етеді. ...Тура мағынада өте ықпалды монополиялық және реттеуші (!!!) мен оның кураторына тікелей бағынатын, негізінен бюджет есебінен көтерілген және келісілмеген тарифтер бойынша ақша алатын бай квазиқұрылым өте, өте ықпалды. Шынымен қаласа, депутат, министр болсаң да, зиянын тигізуі мүмкін. Мәжілістің жаңа құрамы бұрынғыдай шенеуніктердің, монополистердің «қалауына» қызмет етпей, іс жүзінде барлығына жағдай жасауы керек, -деді депутат.

Сараптама ұйымдарының талабы

Ұлттық палата өкілдерінің пікірінше, Құрылыс кодексіндегі 123-і бап құрылыс жобаларын мемлекеттік емес сараптау институтының жұмысын әлсіретіп, сараптама көлемін мемлекеттік сараптама ұйымының құзыретіне беру арқылы осы саладағы нарықты іс жүзінде монополиялайды. Өкілетті органның жүргізіп отырған саясаты іс жүзінде жобаларды мемлекеттік емес сараптау институтының тарап кетуіне әкеп соғады.

Сөз басында айтып өткеніміздей, 207 ұйымды біріктірген «Сараптама ұйымдары палатасы» аккредиттелген сараптамалық ұйымдардың ұлттық бірлестігі мен 1300 аттестацияланған сарапшы Ақордаға және тағы бірнеше мемлекеттік органның атына хат жолдады. Олар жаңа Құрылыс кодексінің жобасын қайта қарастыру үшін жіберуді ұсынып отыр. Сондай-ақ, тиісті органдарға Президенттің құрылыс саласын монополиядан арылту туралы тапсырмасының бұлжымай орындалуын қадағалдауды тапсыруды сұрады.

Өзгелердің жаңалығы