Министрлік Риддердегі қазандықтардың істен шығу себебін түсіндірді

7 Қараша 2022, 10:31
700
Бөлісу:
Министрлік Риддердегі қазандықтардың істен шығу себебін түсіндірді

Риддер қаласының 22 мыңнан астам тұрғынның пәтеріне жылу толыққанды берілмей жатыр. Энергетика министрлігі аталған мәселе бойынша түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ведомстваның мәлімдеуінше, 7 қарашада (сағат 3.40-та) Риддер ЖЭО-да № 2 қазандық іске қосылды, № 1 қазандық іске қосуға дайындалуда. Жылу желілеріндегі жеткізу температурасы: кесте бойынша – 70 градус, іс жүзінде 30 градусқа дейін төмендеді.

2022 жылғы 3 қарашада Риддер ЖЭО-ны шлактан тазарту үшін № 3 қазандық тоқтатылды. 4 қарашада № 2 қазандық, 6 қарашада қосалқы жабдық бойынша ақауларды жою үшін № 1 қазандық және қыздыру бетіндегі ақауларды жою үшін № 6 қазандық тоқтатылды, - делінген жауапта. 

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің басшылығымен құрылған «Риддер ЖЭО» АҚ төтенше жағдай жөніндегі жедел штабына ҚР Энергетика министрлігі Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық департаментінің өкілдері де кірді.

Қазіргі уақытта жергілікті ауқымда жарияланған төтенше жағдайдың режимі аясында өңірдің: Өскемен және Согра ЖЭО энергетиктерін тарта отырып, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары ұйымдастырылды, сондай-ақ мазут қорларын жедел толықтыру жүзеге асырылуда, -делінген хабарламада. 

Еске сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов арнайы штаб құрып, жергілікті деңгейде төтенше жағдай жариялағанын осыған дейін жазғанбыз. 

Өзгелердің жаңалығы