Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырмасымен Алматы қаласында құрылған студенттерді жатақханаларға орналастыру мәселелерін шешумен айналысатын жедел штаб мүшелері мен министрлік өкілдері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жатақханаларын аралап, тексеру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жедел штаб пен Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері ҚазҰУ-да студенттерді жатақханаға орналастыру үшін арнайы құрылған штабта болып, оның қызметімен танысты. Онда 7 қызметкер жұмыс істеуде. Бүгінде 2 856 бірінші курс студенті түрлі сауалдар бойынша штабқа хабарласқан. Сондай-ақ 985 студентке «Whatsapp» желісі арқылы жауап берілген. Университетте құрылған штаб 24/7 білім алушы жастар үшін жұмыс істейді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін таңдаушы талапкерлер өте көп. Алматы қаласына келуші бірінші курс студенттерінің көбі осы білім ордасын таңдайды. Сондықтан 2023-24 оқу жылына сақадай-сай дайын болуымыз қажет. Университеттегі жатақхана жай-күйімен, арнайы құрылған штабтың жұмысымен таныстық. Студенттерді қабылдау жұмыстары ҚазҰУ-да қарқынды жүруде, - деді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ағымдағы оқу жылында жатақханаға мұқтаж студенттердің 76,2%-ын студенттер үйімен қамтамасыз етеді. Бүгінде оқу ордасында 5938 орындық 14 жатақхана және Жас ғалымдар үйі бар. Жаңа оқу жылы қарсаңында өзге қалалардан жатақханаға мұқтаж 11000 бакалавриат студенті келеді, оның 5638-і, яғни 51,2 пайызы жатақханамен, 30%-ы хостелдермен қамтамасыз етіледі. Ал магистратура және докторантурадағы студенттер Жас ғалымдар үйіне орналастырылады.
Университет жатақхана тапшылығын шешу мақсатында хостел, қонақ үй және жеке жалға берушілермен келіссөздер жүргізуде. Осылайша, 1800 студентке жатын орын табу көзделуде.
Қалашықтағы 14 жатақханада ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталуға жақын. Жөндеу кезінде жатақханалардың барлық бөлмелері мен дәліздері сырланып, ағартылуда. Бірінші қабат қасбеті боялып, кіреберісі де әрленеді.
Сонымен қатар №14 және №6 жатақханаларда линолеум ауыстырылды. №6 жатақханада санитарлық-техникалық жабдықтар жаңартылды. Бұдан бөлек, барлық жатақханаларда душ жөндеу, электр, жылу жүйесін тексеру сынды жұмыстар атқарылды.
Сондай-ақ алдағы уақытта жатақхана тапшылығын түбегейлі жою үшін ҚазҰУ қалашығы құрылысының 2-кезеңі аясында кезең-кезеңмен жатақхана салу жоспарланған.