Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун "Күнделік" жүйесінен балалардың деректерінің таралуына қатысты жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистер желіде танымал тұлғалардың балаларына қатысты мәліметтер көрсетілген скриншоттар пайда болғанын алға тартты. Осыған байланысты вице-министрден бұл дерек үшін неге ешкім жауапкершілікке тартылмай отырғанын сұрады.
"Күнделік” бойынша тексеру жүргізілді. Шын мәнінде, жүйенің коды бұзылған жоқ. Бұл жерде адами фактор болды. Тараған деректер 2020 жылға тиесілі. Ақпарат шартты түрде 2020 жылға дейін жұмыс істеген, тиісті аккаунттары бар адамдардың қолындағы ақпараттық жүйелерден алынған, – деді ол.
Соған қарамастан, "Күнделік" жүйесінің әзірлеушісі болып табылатын компания ақпараттық қауіпсіздік комитеті тарапынан айыппұлға тартылғанын атап өтті.
Деректердің таралуы мен киберқауіпсіздікке қатысты айыппұлдарды біз жылдан жылға күшейтіп келеміз, – деді вице-министр.
Ол сондай-ақ ауқымды, жаппай деректердің таралуы тіркелген жағдайда ақпараттық қауіпсіздікке қатысты жауапкершілікті бірнеше есе арттыру жоспарланып отырғанын қоса айтты.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда азаматтардың деректері қалай қорғалатыны туралы жаздық.