Министрлік интернет сапасын жақсарту үшін не істеп жатыр?

5 Сәуір 2021, 17:51
1217
Бөлісу:
Министрлік интернет сапасын жақсарту үшін не істеп жатыр?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин елді интернетпен қамтамасыз ету және оның сапасын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Оның айтуынша, елдегі интернет сапасы - цифрлық экономикаға толыққанды көшуге кедергі болып отыр. 

Оның сапасын жақсарту үшін не істеліп жатыр дегенге келер болсақ, өткен жылы екі ауқымды жобаны аяқтағанымызды атап өткім келеді. Талшықты оптика сымдары бойынша 1250 ауылды елді мекендерге интернет жеткізілді және 928 ауыл мобильдік интернетке қосылды. Жалпы алғанда 5332 елді мекенде интернет бар деуге болады. Бірақ олардың ішінде 510-ының сапасына қатысты мәселе толық шешілмеді. Оның шамасы хабарлама алмасуға, жаңалық оқуға жеткілікті болғанымен, бейнематериалдарды жүктеуге әлі қауқарсыз. Сондықтан биыл оның сапасын жақсарту мәселесін шешуді қолға алатын боламыз, - деді министр.

Бағдат Мусиннің мәліметіне сүйенсек, биыл ел бойынша 750 базалық станция салынады. 550 станция жаңартылатын болады. 

Соның ішінде 286 ауыл 4G стандарттарына ауыстырылатын болады. 51 ауылда спутниктік трансмиссиядан оптикалық инфрақұрылымға ауыстырылады. Сонымен қатар 250 тұрғыннан аз 292 ауылға да интернет жеткізілетін болады. Елдегі интернет сапасын жақсарту үшін өлшеуіш құрылғы сатып алынды. Бұрын оның саны алтау болса, енді 17-ге жеткіздік. Әрбір облыс орталығы құрылғылармен қамтамасыз етілді, - деді ол.

Оның айтуынша, елде «байланыс сапасы» ұғымы реттелді. Салық жүктемесін 90%-ға төмендету есебінен байланыс операторларына интернет сапасын жақсарту бойынша міндеттемелер жүктелді.

Байланыс сапасы бойынша талаптар өзгертілді. Мысалы 4G үшін – кемінде 5 МБ/сек (3G үшін – 1,5 МБ/сек бастап, 4G үшін – 5 МБ/сек, тіркелген Интернет үшін тарифте көзделген жылдамдықтың 70% кем емес). 

Құрылыс нормасы және ережелеріне талаптар енгізілді. Бұдан былай көппәтерлі тұрғын үйлерді салу кезінде әрбір пәтерге интернетпен қамтамасыз ету үшін талшықты-оптикалық байланыс желілері жеткізіледі.

Өзгелердің жаңалығы