Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Мәжілісте өткен Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде ауылда 7 млн 800-дей адам тұрады. Бұл ел халқының 41%-ын құрап отыр. Ауыл халқының 38%-ы – балалар, ал қалғаны – ересектер. Бала туу жасындағы әйелдер 1,7 млн-нан асады, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар ауылдағы денсаулық сақтау мәселесі талқыланып жатқан Үкімет сағатында министр ауыл тұрғындарына 5 мыңнан астам медициналық ұйым қызмет ететінін айтты.
Елімізде ауылдық медициналық ұйымдардың инфрақұрылымы дамыған. Оның ішінде 2 мыңнан астам медициналық пункт, 800 фельдшерлік-акушерлік пункт, 1000-нан астам дәрігерлік амбулатория, 200-ден астам емхана және 203 аурухана медициналық көмек көрсетеді. Халықтың денсаулық көрсеткіштеріне жүргізілген талдау ауыл тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы қала тұрғындарынан тұрақты жоғары екенін көрсетті. 2021 жылы Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 70,23 жас болса, қалада бұл көрсеткіш 69,91 жас, ал ауылда 70,79 жас деңгейінде тіркелді, - деді Ажар Ғиният.