Бүгін Денсаулық сақтау министрі халықты дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бірыңғай дистрибьютор болып табылатын «СҚ-Фармация» ЖШС алдында тұрған негізгі проблемалар талқыланды. Атап айтқанда, логистика, тасымалдау кезінде «суық тізбекті» сақтау, дәрі-дәрмектерді уақтылы жеткізу және барлық санаттағы азаматтар үшін олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
«СҚ-Фармация» ЖШС басшылығы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға, сондай-ақ сатып алу процестерін оңтайландыруға және дистрибуция жүйесін жақсартуға бағытталған Жол картасының іс-шараларын іске асыру туралы баяндап берді.
Дәрілік заттарды дистрибуциялау мен уақтылы жеткізудің ашықтығын қамтамасыз ету – министрліктің басты басымдықтарының бірі. «СҚ-Фармация» басшылығы өңірлік медициналық ұйымдармен өзара іс-әрекет тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды әзірлеуі қажет, - деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
Ведомство басшысы Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету мәселелерінің жіті бақылануын жалғастырады деп атап өтті.