Министрлік: Қазақстан Байқоңырдағы қалдықтарды жою үшін Ресейге 20 млрд теңге төлемейді

22 Ақпан 2020, 02:47
1090
Бөлісу:
Министрлік: Қазақстан Байқоңырдағы қалдықтарды жою үшін Ресейге 20 млрд теңге төлемейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстанның Байқоңырдағы радиоактивті қалдықтарды жою үшін Ресейге 20 млрд теңге төлейтіні туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

Желіде Байқоңыр ғарыш айлағының аумағындағы улы және радиоактивті қалдықтарды жою үшін Қазақстан Ресейге 20 млрд теңге төлейтіні туралы ақпарат тарауда. Аталған фактілер шындыққа жанаспайды. Қазақстан Байқоңыр ғарыш айлағындағы қалдықтарды жоюға 20 млрд теңге бөлуді жоспарлаған жоқ және оны төлемейді. Бұл мәселе бойынша қандай да бір төлемдер туралы Қазақстан мен Ресей арасында ешбір шешімдер мен келісім жасалған емес және талқыланып жатқан жоқ, - делінген министрліктің Facebook-тегі парақшасында.

Ведомствоның мәлімдеуінше, таратылған ақпаратта көрсетілген карьерлерде Байқоңыр аумағындағы тозған ғимараттарды сүргеннен кейінгі құрылыс қалдықтары (кірпіш сынықтары, қайта өңдеуден кейінгі бетон) ғана орналастырылатын болады.

Бұл карьерлерді жасақтау жұмыстарын толығымен ресейлік тарап жүргізді. Алдын ала деректер бойынша, оған жалпы сомасы 20 млн рубль жұмсалған. Жобалар Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің оң қорытындысын алды. Тозығы жеткен ғимараттарды бұзу және полигонға құрылыс қалдықтарын жеткізу жұмыстарын қазақстандық «Инфракос» компаниясы жүргізуде. Барлық ғимараттар мен құрылыс қалдықтарын радиациялық қауіпсіздікке тексеруді қазақстандық және ресейлік мамандандырылған компаниялар 3 рет жүргізеді: сүруге дейін, аяқталғаннан кейін, сондай-ақ полигонда. Аталған карьерлерде улы және радиоактивті қалдықтарды, сонымен қатар металл сынықтарын орналастыру қарастырылмаған және ол Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келеді, - деді министрліктен.
Сонымен қатар Қызылорда облыстық экология департаментінің мамандары Байқоңыр ғарыш айлағындағы барлық нысандарға кез келген уақытта бара алады және ресейлік, қазақстандық компанияларға жоспарлы тексеріс жүргізіп тұрады.
Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз үшін алғыс білдіреміз. Бірақ алдағы уақытта тексерілген және шынайы ақпараттарға ғана сүйенуді сұраймыз, - деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен.

Өзгелердің жаңалығы