Министр: Жыл басынан тұрғын үй құрылысы бойынша үш облыста ең жоғары көрсеткіш тіркелді

12 Сәуір 2022, 09:43
1952
Бөлісу:
Министр: Жыл басынан тұрғын үй құрылысы бойынша үш облыста ең жоғары көрсеткіш тіркелді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тұрғын үйді пайдалануға беру жыл басынан бері алғаш рет оң серпінге шықты. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі  Әлібек Қуантыров айтты.

Министр осы жылдың алғашқы үш айында құрылыс секторы жоғары өсу қарқынын көрсетіп, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 8,6 пайызға өскенін атап өтті.

Көрсеткіштің оң өсімі 14 өңір бойынша тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсімі Алматы қаласында, сондай-ақ Ақмола және Қостанай облыстарында байқалып отыр.

Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша өсу динамикасы қаңтар-ақпанмен салыстырғанда 7,7 пайыздық тармаққа жақсарып, жыл басынан бері алғаш рет оң серпінге шықты. Жалпы 2,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда 0,4 пайызға жоғары. Оң динамика 15 өңірде тіркелді, оның арасында ең жоғарғы көрсеткіш Түркістан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалған, - деді Әлібек Қуантыров.

Қуантыровтың айтуынша, есепті кезеңде ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,8 пайызға ұлғайды. Саладағы өндірістің оң өсуі 14 өңірде тіркелді.

Ең жоғарғы өсімді Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары көрсетті. Қостанай, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында керісінше төмендеген.

7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлер арасында жалпы жағдай мынадай. Барлық көрсеткіш бойынша оң өсім 6 өңірде – Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында белгіленіп отыр. 6 көрсеткіш бойынша өсу 6 өңірде байқалуда. Олар Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары. 5 көрсеткіш бойынша оң өсім 4 өңірде – Алматы қаласы, сондай-ақ, Ақтөбе, Павлодар және Түркістан облыстарында тіркелген. 4 көрсеткіш бойынша оң өсім Батыс Қазақстан облысында орын алды, - деді Ұлттық экономика министрі.

Өзгелердің жаңалығы