Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «ҚазАқпаратқа» берген сұхбаты барысында айтты. Тәуелсіздік жылдары елде 2 мыңнан астам мектеп бой көтерген.
Ал биыл 206 жаңа мектеп іске қосылды. Ең алдымен, мемлекеттік бюджет арқылы мектеп салу міндеті алға қойылады. Екіншіден, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы салу. Үшіншіден, жалпы жекеменшік мектептерді салу. Осы үш бағыт бойынша мектептер салынады, - деп атап өтті еліміздің бас ұстазы. Оның айтуынша, жекеменшік мектептер салу мемлекет үшін өте тиімді. Өйткені жекеменшік мектеп салғанда, жеке кәсіпкерлер оны қысқа мерзімде салады. Сондай-ақ жекеменшік бизнес өз қаражатына салады. Сонда мемлекеттің өткізетін мемлекеттік сатып алу, бюджет бөлу, оның конкурсын ұйымдастыру сынды рәсімдерді олар өз мойнына алады. Осылайша, бюджетке бұл үлкен жүктеме болмайды, - деді Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар оның екінші тиімді тұсына тоқталды.
Олар мектепті салып болғаннан кейін біз мысалы, осында оқып жатқан балалар үшін мемлекет бюджет тарапынан мектеп салатын болса, оқып жатқан балалар үшін біз жан басына қаржыландыру бойынша ақша береміз ғой. Сол ақшаны біз өзіміз салсақ та, жекеменшік кәсіпкер салса да, соған дәл сол ақшаны береміз. Сондықтан бұл мемлекет үшін өте тиімді, - деп атап өтті министр.
Сондай-ақ ол жекеменшік мектептердегі білім сапасына тоқталды.
Жекеменшік мектептердегі білім сапасы қандай деген сұрақтың мазалауы заңды. Осындай сұрақ туындамауы үшін мемлекеттік білім беру стандарты бар. Барлық бала білім алғанда мемлекеттік стандартқа сай болуы керек. Аталған стандартта бекітілген міндетті пәндерді оқыту жекеменшік және мемлекеттік мектепте бірдей орындалуы керек және білім сапасы қамтамасыз етілуі тиіс. Егер қамтамасыз етілмесе, бұл мектептер жабылады әрі лицензиясынан айырылады, - деді министр.
Оның сөзінше, соңғы жылдары жекеменшік мектептер жүйесі дамып келеді.
Жалпы, олардың бағыт-бағдары жаман емес. Сапа бойынша біраз жақсы өзгерістер бар деп айтуға болады. Екіншіден, бұл бәсекелестікті дамытады. Басқа да дамыған елдердің тәжірибесін қарасақ, жекеменшік сектор да жақсы дамығанын көріп отырмыз. Атап айтқанда, мемлекеттік мектептердің желісі де дамып келеді. Мемлекеттік мектептер міндетті түрде салынатын болады, - деп отыр министр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Білім және ғылым министрі 2025 жылға дейін елімізде кем дегенде 1000 мектеп салынатындығы туралы айтқан болатын.