Министр суға құлаған қызды құтқарған екі азаматты марапаттады

18 Шілде 2020, 23:12
1784
Бөлісу:
Министр суға құлаған қызды құтқарған екі азаматты марапаттады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызды құтқарған Азат Көшербаев пен Михаил Чижик бүгін тиісті марапаттарын алды. 

Олар ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен "Суға батқандарды құтқарғаны үшін" медаліне ие болды. Батырларға медальды Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің бастығы табыс етті.
Азаматтық ұстанымдарыңыз үшін, батылдық пен ерлік танытып, құрметке лайықты әрекет жасағандарыңыз үшін Сіздерге шексіз рахмет! - деді Ержан Саденов.
Жігіттер өз кезегінде ойланып тұруға уақыт болмағандықтан ішкі түйсік арқылы әрекет еткендерін, олардың орнында басқа ер адам болғанда да солай жасайтын еді деп ағынан жарылды. 

Ведомстволық "Суға батқандарды құтқарғаны үшін" медалімен Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару отрядының құтқарушылары Жүсіпов Қайрат Жүсіпов пен Жігер Темірәліұлы де марапатталды.

Еске сала кетсек, 17 шілде сағат 19.10-да қыз бала өз өмірінен түңіліп, "Тұлпар" автокөлік көпірінен суға секіріп кеткен. Бақытына орай осы уақытта екі жігіт Азат Көшербаев пен Михаил Чижик жақын жерде жүргендіктен бұл оқиғаны көздерімен көрген. Сол жерде қашықтан би сабағын өткізіп жатқан Азат Көшербаев бірінші болып суға секірген. Азат биден сабақ беретін оқытушы, Қазақстан Республикасының спорт шебері, сол мезетте онлайн-сабақ өткізіп жатқан. Суда ағып бара жатқан қызды байқап қалып, ойланбастан оған қарай жылдам малтып барған, артынша Михаил Чижик те жетіп үлгерген.

Құтқарушылар келгенге дейін жігіттер есеңгіреп қалған қызды ұстап тұрған. Сонан соң құтқарушылар дәрігерлер келгенге дейін қызға медициналық және психологиялық көмек көрсеткен.


Өзгелердің жаңалығы