Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов елдегі техникалық реттеу саласындағы жаңа заңнама туралы пікір білдірді.
Президент Қ.К. Тоқаевтың біздің министрліктің алдына қойған басты мақсаттарының бірі – өндірілетін және сатылатын өнімнің сапасына қатысты тәртіп орнату болып табылады. Техникалық реттеу саласы – бұл нарық жағдайында импорттаушылар тарапынан жасалатын "қысымды" еңсеруде де, сондай-ақ отандық тауар өндірушілердің сапалы өнімдеріне қолдау көрсетуде де неғұрлым пәрменді әдіс. Мен өндірушілерге ерекше назар аударамын. Бизнеске жүктемені азайтудың көпжылдық тәжірибесі өндірілетін өнім сапасына назардың төмендеуіне әкелді. Кейбір кәсіпкерлерге өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына сынақтардан гөрі айыппұл төлеу оңайырақ болды - дейді министр.
Жағдайды түзетуге Президенттің тапсырмасы бойынша әзірленген жаңа редакциядағы "Техникалық реттеу туралы" Заң ықпал ететін болады.
Қазір ол Парламент Мәжілісінің қарауында. Құжатты дайындауға бизнес-қоғамдастық өкілдері белсенді қатысты: 300-ге жуық ескертулер мен ұсыныстар келіп түсті, олардың үштен екісі қабылданды. Заң жобасында екі негізгі міндет қойылады: нарықта тәртіп орнату және отандық тауар өндірушілердің бәсекелестік артықшылықтарын іске асыру. Тәртіп орнату техникалық реттеудің барлық саласын цифрландыруға және мемлекеттік бақылаудың жаңа форматына ықпал етеді: субъектілерді бақылаудан объектілерді бақылауға көшу, яғни, кәсіпкерлердің емес, өнімнің қауіпсіздігі. Бұл ретте анықтау – сынақ жасау – нарықтан алу схемасы бойынша өткізу сатысында қауіпті өнімге жедел жол бермеуге мүмкіндік беретін құралдарды белгіленеді - дейді Бақыт Сұлтанов.
Оның сөзіне қарағанда, сәйкестік сертификатынсыз өнімді сатуға тыйым салынады.
Бұл ретте сертификаттардың өздері тек электронды түрде және техникалық реттеу жүйесімен расталған құзыреті бар сарапшы-аудиторлардың сынақтарын міндетті түрде фото-бейне тіркеуі болған кезде және тек аккредиттелген зертханада ғана берілетін болады. Бұл сынақтар жүргізілмей, сертификат берілетін кездегі "сұрқай" сертификаттарды жояды. Әсіресе бұл сапасыз импорт өнімдерге қатысты. Және тағы. Министрлік өнімді сертификаттауды тестілеудің халықаралық танылған жүйесін құру бағытын қабылдады. Біздің таяудағы бесжылдықтағы мақсатымыз-ЭЫДҰ елдерінде дәрілік заттар, химиялық заттар, минералды тыңайтқыштар және т.б. үшін қазақстандық хаттамалардың танылуын қамтамасыз ету. Бұл біздің тауарларымызға сыртқы нарықтардағы өз позицияларын күшейтуге мүмкіндік береді. Және бизнес үшін экспорттық операцияларды айтарлықтай арзандатады - дейді ол.
Қазіргі уақытта мәжілісмендер "Техникалық реттеу туралы" заң жобаларын жаңа редакцияда қарауға және бірқатар заңнамалық актілерге ілеспе өзгерістер мен толықтырулар енгізуге кірісті.
Бүгін олардың алғашқы тұсаукесері өтіп жатыр. Депутаттық корпустың, бизнес-қоғамдастықтың және жұртшылықтың қолдауымен қазақстандық өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін және тұтынушыларымыздың қанағаттану деңгейін арттыру үшін сапалы жаңа құқықтық база құра алатынымызға сенімдімін - дейді министр.