Министр қазақ тілі мен әдебиетінің маңыздылығы туралы айтты

21 Желтоқсан 2021, 15:11
4274
Бөлісу:
Министр қазақ тілі мен әдебиетінің маңыздылығы туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің «Қазақ тілі мен әдебиеті: оқыту мәселелері және жаңа көзқарас» республикалық съезі өтіп жатыр. Съездің ашылуында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пәндердің маңыздылығы туралы айтты.

Министр ең алдымен съезге қатысушыларды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады.

Тәуелсіздік алған жылдары еліміздің өзіндік білім беру мен ғылым жүйесі қалыптасты. Ауыз толтырып айтатын жетістіктер жетерлік. Осы жылдары 2 мыңнан астам мектеп салынды, төрт ауысымдық мектептер мәселесі шешімін тапты. Сондай-ақ балаларды балабақшамен қамту мәселесі шешілді, - деп айтты Аймағамбетов.

Ол өз сөзінде съездің негізгі тақырыбына тоқтала кетті.

Бүгін маңызды мәселені көтеріп отырмыз. Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінің берілу сапасы, оларды оқыту мәселелерін ашық талқылаймыз. Бүгін пленарлы отырыста түйіткілді проблемалар көтерілді. Әрине, осы мәселелерді көтеріп, оның шешу жолдарын іздемесек, әрі қарай дамымайтынымыз белгілі. Бізде пән көп. Математика да, физика да, химия да, ағылшын тілі де, дене шынықтыру да маңызды. Бірақ біз съездің алғашқы жұмысын қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінен бастап отырмыз. Неге? Өйткені бұл пән біз үшін аса маңызды. Сол себепті мұндай съездер басқа да пәндер бойынша ұйымдастырылады, - деп айтты Асхат Аймағамбетов.

Министр бүгінгі кездесуге тек мұғалімдер ғана емес, сонымен бірге тіл білімі институты, өнер және әдебиет институты мамандары қатысып отырғанын айтты.

«Ауруын жасырған өледі» дейді. Сондықтан проблемалардың барын білеміз. Ол бойынша тиісті шешімдерді қабылдадық. Бүгінгі жиналыста қазақ тілі мен әдебиеті бойынша оқулықтар, оқу бағдарламасы және мамандарды университетте дайындау мәселелерін көтеруге болады. Одан бөлек, әдістеме, біліктілік курстары мәселелері де бар, - деп айтты Білім басшысы.

Айта кетейік, іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген мамандар қатысып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы