Министр: Полиция қызметін цифрландыру азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға мүмкіндік берді

21 Сәуір 2021, 22:14
1865
Бөлісу:
Министр: Полиция қызметін цифрландыру азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға мүмкіндік берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Өзбекстанның Ішкі істер министрінің орынбасары Нажмиддин Тұраходжаевпен кездесті.

Тараптар екі жақты ынтымақтастықты талқылап, қылмысқа, заңсыз көші-қонға, құқық бұзушылықтың алдын алуға, сондай-ақ цифрландыру мен қазіргі заманғы қауіпсіздік жүйелерін енгізуге қатысты кең ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасты.

Кездесуге қатысушылар ішкі істер органдарының шекара маңы бөлімшелерінің өзара іс-қимылын одан әрі нығайтуға ниет білдірді.

Айта кету керек, көптеген жылдар бойы екі елдің полицейлері бір-біріне қылмыстық істер бойынша практикалық көмек көрсетіп келеді, бірлескен іздестіру жұмыстары жолға қойылған.

Өзбекстанда да, Қазақстанда да қылмысқа қарсы күресте ақпараттық-коммуникациялық жүйелер мен озық цифрлық технологияларды пайдалануға көп көңіл бөлінеді. Біздің елдеріміз арасында ортақ нәрсе көп болғандықтан, біз қазақстандық полицияны реформалау тәжірибесіне қызығушылық танытамыз, - деді министрдің орынбасары Нажмиддин Тұраходжаев.

Ерлан Тұрғымбаев Қазақстан ІІМ реформалау үдерісінде екенін атап өтті. Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасы іске асырылуда. Оның шеңберінде біздің қызметіміздің инфрақұрылымын цифрландыру және қазіргі заманғы қауіпсіздік жүйелерін енгізу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде.

Біздің президенттеріміздің күш-жігерінің арқасында екі ел арасындағы ынтымақтастық сенім мен өзара көмекке негізделген. Әріптестіктің белгілі бір практикасы полиция ведомстволары – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты органдар арасында да қалыптасқан. Мен бүгін біздің өзара іс-қимыл аясын кеңейтуге мүмкіндігіміз бар екеніне қуаныштымын. Полиция қызметін цифрландыру оқиғаларға және азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға мүмкіндік берді. Сондықтан Қазақстанның ІІМ осы саладағы өзара тәжірибе алмасуды құптайды, - деп атап өтті кездесу барысында министр Ерлан Тұрғымбаев.

Кездесу қорытындысы бойынша екі елдің ведомстволары ынтымақтастықтың келешегін анықтады.

Өзгелердің жаңалығы