Министр музей қызметкерлерін құттықтады

18 Мамыр 2021, 10:28
3205
Бөлісу:
Министр музей қызметкерлерін құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова еліміздегі музей қызметкерлерін 18 мамыр Халықаралық музей күні мерекесімен құттықтады.

Құрметті музей ісінің мамандары! Сіздерді 18 мамыр Халықаралық музей күнімен шын жүректен құттықтаймын!  Музей - кешегі тарихты бүгінгі күнмен байланыстырып, оны кейінгі ұрпаққа ұлықтайтын, сынаптай сырғыған уақытты пайдалы өткізуге, таным көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік беретін əмбебеп орталық. Əр музей өз алдына бояуы қанық, айтар ойы анық өзгеше бір əлем - дейді министр өз құттықтауында.

Бар ғылымның жетістігін баяндайтын жəне тарих тағлымымен таныстыратын мəдени орда ұрпақ жалғастығы мен əлем халықтарын әріптестікке бастайтын алтын көпір атанып үлгерді. 

Осы орайда музейлер туризммен біте қайнасып, демалыстың ажырамас бөлігіне айналғаны бұл саланың қызметін жаңа бағытта жалғастыруға жол ашады - деді министр.

Ол осы салада қызмет атқарып жүрген барлық маманға алғыс айтты.

Бүгінгі орайлы сəтті пайдалана отырып, қордағы материалдарды тіркейтін, экспонаттарды сақтау мен оларды халыққа таныстыруға дейінгі көзге көрінбейтін жұмыстың бəрін істейтін сала қызметкерлерінің ұшан-теңіз еңбегіне алғыс айтамын - деді Ақтоты Райымқұлова.

Ол сөз соңында музейге келушілер санының көп болуын тіледі.

Алдағы уақытта да бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін жинақы түрде ұсынатын, жинақталған мұраны ғылыми айналымға енгізетін институттың қызметі жанданып, келушілерінің қатары қалың болсын - деді министр.
Өзгелердің жаңалығы