Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Facebook-тегі парақшасында қайтыс болғандардың отбасыларына қайғырып, көңіл айтты.
Достар, соңғы апталарда мәдениет, өнер және спорт саласы қайраткерлерінің сырқаттанып қалғаны туралы хабарлар бірінен соң бірі жетіп жатыр. Қуанышқа орай, көбі жазылып, сауығып кетіп жатыр, тек, өкініштісі, бәрі емес. Көз жұмған адамдардың ішінде мәдениет, өнер спорт қайраткерлері де бар. Жазушы, ақын, композитор, кинорежиссёр, сценарий жазушысы, театр зерттеуші, ғалым, оқытушы, өнер саңлақтары... Орны толмас қаза, көкірек толы өкініш... Бүгін Қожамьяров атындағы Мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театрының әртісі Зенәтгүл Ақбарова, мемлекет қайраткері, профессор, Жазушылар одағының мүшесі Мырзагелді Кемел, әдебиет зерттеушісі Қадырбек Уәлиев дүние салды. Продюсер Мұрат Ерғалиевтен айырылғанымыз туралы да хабар жетті. Мәдениет және спорт министрлігі және жеке өз атымнан қайтыс болғандардың отбастарына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Бекем болыңыздар. Мұрат ағаны жақсы танушы едім. Мұрат Әжімұлы бүкіл саналы ғұмырын телевизия саласына арнап, еліміз Егемендікке қол жеткізген сындарлы сәтте оның дамуына өлшеусіз үлес қосты. Шет мемлекеттерде де кеңінен танымал болған "Азия дауысы", "Жас қанат" байқауларын жоғары деңгейде ұйымдастырып, жас дарындарға өнер әлеміне жол ашты. Мұрат Ерғалиевтің мейірімді, парасатқа толы жарқын бейнесі барша жақын адамдарының жүрегінде сақталады, - деді министр.
Бұл індет ешкімге аяушылық білдірмейді. Бүкіл ұлт - мемлекет, дәрігерлер, еріктілер, меценаттар, жанашыр жандар - бәрі адамзатқа кесірін тигізіп, адам өмірін қиып жатқан коронавирусқа қарсы күресу үшін бірігіп отыр. Адам өмірінен асқан құндылық жоқ екені хақ. Бұл күресте адамзаттың жеңетініне сенімдімін!
Баршаңызға мықты денсаулық тілеймін, жақындарыңызды қорғап, қарым-қатынасты азайтып, санитарлық нормаларды сақтаңыздар дегім келеді. Сырқаттанып қалғандардың осы сынақтан аман-есен өтіп, жазылып кетуін тілеймін. Сақтанып жүріңіздерші! Біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз!, - деп жазды Ақтоты Райымқұлова.
Оқи отырыңыз: