Министр маусымаралық кезеңде өніммен қамтудағы проблемаларды атады

19 Маусым 2023, 10:55
662
Бөлісу:
Министр маусымаралық кезеңде өніммен қамтудағы проблемаларды атады
Фото: Үкімет

Елімізде егін саласының маусымаралық кезеңінде өніммен қамтамасыз етуде проблемалар бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Мәжілісте өткен Үкімет сағатында мәлімдеді.

Айтуынша, маусымаралық кезеңде өніммен қамтамасыз етуде проблема бар.

Негізгі тапшылық сәуір-мамыр айларында болады. Маусымаралық кезеңде халықты өз өнімдерімен қамтамасыз ету үшін мынадай шаралар қабылданады. Жыл сайын ерте пісіп жетілетін дақылдардың алаңы ұлғаюда. Былтырғымен салыстырғанда ерте пісіп жетілетін көкөністердің егіс алқабы 2,8 мың гектарға ұлғайды. Әкімдіктердің жедел деректері бойынша биыл 27 мың гектарды құрады, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Сонымен қатар министр тағы бір мәселе – жабық топырақтағы көкөністерді жеткілікті мөлшерде өндіру шаралары екендігіне тоқталды.

2022 жылдың қорытындысы бойынша жылыжайлардың алаңы 1,2 мың гектарды құрады. Жылыжайда өсірілетін қызанақ пен қиярдың жалпы өнімі 177,5 мың тоннаны құрады. Соңғы үш жылда өнеркәсіптік жылыжайлардың алаңы 31,7 гектарға ұлғайды. Фермерлерді ынталандыру үшін жақсы құрал – инвестициялық субсидиялау. Сондай-ақ жылыжай кешендерін салу және кеңейту кезінде шығындардың 25%-ын өтеу көзделген. Нәтижелерді тездету үшін қазіргі уақытта нормативті 30%-ға дейін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бұдан басқа, жабық топырақтағы көкөніс дақылдарын өндіруді дамыту мақсатында тыңайтқыштардың (органикалық дақылдарды қоспағанда), пестицидтердің, биоагенттердің (энтомофагтардың) және биопрепараттардың құнын субсидиялау, суару суын беруге, қияр және қызанақ тұқымдарына субсидиялар беру арқылы мемлекеттік қолдау жүзеге асырылады, - деді Ербол Қарашөкеев.

Өзгелердің жаңалығы