Министр грантқа ілінбей қалған түлектерге мәлімдеме жасады

6 Тамыз 2024, 11:00
2477
Бөлісу:
Министр грантқа ілінбей қалған түлектерге мәлімдеме жасады
Фото: primeminister.kz

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек грантқа ілінбей қалған түлектерге әлі де мүмкіндік бар екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бөлінген гранттардан басқа қосымша да гранттар қарастырылған. Біріншіден, 3 мың талапкер түрлі себептермен гранттан бас тартуы мүмкін және ол гранттар жоғары балл жинаған келесі талапкерлерге қайта бөлінеді. Қазіргі таңда 2 000 астам грант жергілікті атқарушы органдардан бөлініп отыр. Бұл көсеткіш тағы ұлғаяды, – деді министр Үкімет отырысында.

Сонымен қатар Саясат Нұрбек кімдердің грант бөліп жатқанын атап өтті.

KazEnergy қауымдастығының гранттары бар. Х.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алу үшін Түрік Республикасының 500 гранты берілді. Freedom Finance Group компаниясынан 400 грант кеше бөлінді. Түркістандағы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті 800мақсатты грант ұсынды. «Қазақстан халқына» қоры 850 грант бөледі. Сонымен қатар, Сәтбаев, Есенов, Аманжолов, Торайғыров, Тұран-Астана және тағы басқа университеттер ректорлық гранттар береді, – деді Ғылым министрі.

Министрдің сөзінше, студент сессия нәтижелері бойынша бос гранттарды алуға мүмкіндігі бар.

Жұмыс берушілердің гранттары да қарастырылған. Жалпы, қазіргі таңда 8 000-нан астам қосымша гранттар бар. Бұл көрсеткіш кем дегенде 10 000-нан астам болады, – Саясат Нұрбек.

Еске сала кетейік, осыған дейін министр колледж студенттерінің шәкіртақысы көтерілетінін айтқан болатын. Саясат Нұрбек биыл мектепте 1,7 млн оқушы тегін тамақпен қамтылатынын да айтты.

Өзгелердің жаңалығы