Министр ғасыр жасаған композиторды құттықтады

13 Наурыз 2021, 22:50
3380
Бөлісу:
Министр ғасыр жасаған композиторды құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері, өнертану ғылымының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан және КСРО композиторлар одағының мүшесі Мәрия Ахметованы 100 жасқа келген мерейтойымен құттықтады.

Құрметті Мәрия Мұқатайқызы! Сізді 100 жасқа толған мерейтойлық туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз ғасырлық ғұмыр жолыңызда өнерді серік етіп, қазақ музыкасының өрісін кеңейтуге, мәдениетін байытуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан қажырлы қайраткерсіз. Атқан таң мен батқан күнді әнмен әрлеп, күймен көмкерген дана халқымыздың бай мұрасын індете зерттеп, өзекті мәселелерін ғылыми еңбектеріңізге арқау еттіңіз. Іргелі руханият ошағында ұзақ жыл болмысы бөлек ағзам азаматтармен бір қатарда қызмет етіп, қазақ елінің әдет-ғұрпы мен мәдениетінен ойып тұрып орын алған ән өнері жайлы жазған мазмұнды материалдарыңыз Қазақстан ғылымы үшін құнды мұраға айналды. Сіздің музыка жанашыры ретінде сіңірген еселі еңбегіңіз ізіңізден ерген шәкірттерге үлгі-өнеге. Осынау ерекше сәтті пайдалана отырып, Сізге ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат, отбасыңызға амандық пен ортаймас несібе-дәулет тілеймін! - деп жазды министр өзінің құттықтауында.

Министр ғасыр жасаған композиторды құттықтады

Мәрия Мұқатайқызы Ахметова 1921 жылдың 13 наурызында Жамбыл облысы, Шу ауданының Көкбастау ауылында дүниеге келген. 

Мәрия Ахметова 1951 жылы Алматы мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваториясының тарихи-теориялық факультетін бітірді. Одан кейін Мәскеудің П.И.Чайковский атындағы консерваториясын өнертану ғылымының докторы, профессор Беляевтің жетекшілігімен аяқтап шықты. 

Мәрия Мұқатайқызы – Қазақстан және Орта Азияның барлық аймақтарынан шыққан өнертану ғылымы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған алғашқы қазақ әйелі, алғашқы ұлттық кадр. 

Отандық музыкатану ғылымының негізін салушы. Қазақстан композиторлар одағын құрушылардың бірі және сол одақтың ең қарт мүшесі. 13 наурыз күні ол 100 жасқа толды. Мәриям апаның қаламынан қазақ халық әндерінің өзекті мәселелерін талдаған бірнеше ірі жеке монографиялары туған.

1949–1986 жылдар аралығында Мәрия Ахметова М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының музыка бөлімінде аға ғылыми қызметкер болып еңбек етті. 

20 жылға жуық Ә.Тәжібаев, Ә.Шәріпов, М.Ғабдуллин, Л.М.Әуезова, Е.В.Лизунова, М.Базарбаев, З.Ахметов, Т.Әбдірахманова сынды танымал тұлғалар, еңбек сіңірген өнер қайраткерлері қызмет еткен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының партия ұйымын басқарды. Нағыз дипломат ретінде осындай ұжымды басқара жүріп, үлкен бедел иесі болды және әріптестері арасында сый-құрметке бөленді. 

М.М.Ахметованың өнер саласындағы ерен еңбегі көптеген марапатмақтауларынан да жарқырап көрінеді: ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің грамоталары, «За доблестный труд» медалі, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлық, «Заслуженный деятель искусств Казахской ССР» құрметті атағы, «Еңбек ардагері», «50 лет Победы в Великой Отечественной войне», «70 лет Победы в Великой Отечественной войне», С.Кадышев атындағы ТҮРКСОЙ медалі, «75 лет Победы в Великой Отечественной войне» медальдары және көптеген мақтау грамоталары Мәрия Мұқатайқызының музыка өнерінің нағыз жанашыры екенін айғақтайды.

Мәрия Мұқатайқызы өзін бақытты өмір сүрген адамдардың қатарында санайды, ұзақ жыл бойы қазақтың аса көрнекті композиторы, қоғам қайраткері, КСРО халық артисі Мұқан Төлебаевпен отасып, бір шаңырақ астында ғұмыр кешті.

Өзгелердің жаңалығы