Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын ұсыну рәсімінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр өз сөзінде «Дарын» тарихы да, дәстүрі де қалыптасқан, осы уақытқа дейін жүздеген талантты жастарымыздың шығармашылық жолын ашқан ерекше сыйлық екенін айтып, сыйлықтың белді иегерлерін атады.
Олардың ішінде әйгілі спортшыларымыз Ольга Шишигина, Денис Тен, Динара Садуақасова, бүгінде мәдениет қайраткерлері атанған Димаш Құдайберген, Мария Мудряк, «Муз АРТ» және «Ұлытау» топтары, жас ғылымдар Максим Здоровец, Мақсат Жабагин, осы күні журналистика майталмандарына айналған Гүлнәз Әлімгерей, Мақпал Жұмабай, Ирина Тен сынды дарынды тұлғалар бар, - деді Балаева.
Балаева білімділік, еңбекқорлық, адалдық, жауапкершілік, кәсіпқойлық «Дарын» сыйлығының иегерлеріне тән қасиеттер екенін айтты.
Бұл қасиеттер – өсіп келе жатқан жастарға үлкен өнеге. Бір ғана Димаш Құдайбергеннің мысалында Отанымызды, оның мәдениеті мен тілін төрткүл дүниеге паш етіп жүрген өнерпазды ғана емес, ішкі парасаты зор, адами тәлімі үлгі, жаны мейірбан азаматты көреміз, - деді министр.