Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болып, өңірдегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысымен танысты, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясындағы бірқатар нысандарды аралады.
Сондай-ақ ол «Жамбыл облысы халқының табысын арттыру жөніндегі» пилоттық жобаның тәжірибесін зерттеді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өкілдерінің бірінші республикалық ғылыми-практикалық конференциясына қатысты.
Министр Аса ауылында болып, өнер мектебінің күрделі жөндеу барысымен танысты, әмбебап залы бар спорт кешенінің құрылысын, Б. Момышұлы атындағы орта мектептің жатақханасының қайта жөндеуден өткенін көріп, балаларға техникалық және шығармашылық кәсіби бағдар беру орталығында болып, сондай-ақ ауылдағы инфрақұрылымның жаңғыртылу барысымен танысты.
Аталған жұмыстар 2019 жылдан бері табысты іске асырылып келе жатқан «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүргізілуде. Осы уақыт ішінде 1 213 мектеп пен балабақша, 234 фельдшерлік пункт, амбулаториялар мен емханалар, 596 клуб, мәдениет үйлері мен кітапханалар, 175 дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен спорт залдары салынды және жөнделді. Көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша 8 580 жобаны іске асыру нәтижесінде 9 мың шақырым кентішілік жолдар жаңғыртылды.
Ауылдық аумақтардың тұрақты дамуы агроөнеркәсіптік кешенді дамытумен тығыз байланысты екені анық. Алдағы 5 жылға жоспарланған 934 инвестициялық жобаның 40% «Ауыл - ел бесігі» жобасы аясында іріктелген ауылдарда жүзеге асырылып жатқанын атап өткім келеді, бұл 10 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, - деді Ербол Қарашөкеев.
Бұдан соң ведомство басшысы Тараз қаласындағы Ж.Қуанышбаевтың барельефіне гүл шоқтарын қою рәсімінде құттықтау сөз сөйлеп, Жазылбек Қуанышбаевтың қой шаруашылығында үлкен жетістіктерге жеткенін атап өтті.
«Бұл салтанатты мереке Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келгенін атап өткім келеді. Агроөнеркәсіптік кешенде осы уақыт ішінде бірқатар түбегейлі өзгерістер орын алды, Бұл ауыл шаруашылығы саласына ел экономикасының негізгі секторларының біріне айналуға мүмкіндік берді», - деді Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ министр «Жамбыл облысы халқының табысын арттыру жөніндегі» пилоттық жобаның іске асырылу барысымен танысты. Жобаны іске асыру нәтижесінде 5 жыл ішінде экономикалық тиімділік 14,9 млрд теңгені құрады.
Жалпы, Жамбыл облысында 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 309,7 млрд теңгені құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,2%-ға жоғары.
Сала басшысы Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығы саласының дамуына оң баға берді.
Сондай-ақ, Ербол Қарашөкеев Жазылбек Қуанышбаев атындағы ауыл шаруашылығы өкілдерінің бірінші республикалық ғылыми-практикалық конференциясына қатысты.
Конференцияда баяндама жасаған министр қатысушыларды Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің қазіргі жағдайы, сондай-ақ ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасында қойылған мақсаттар мен міндеттер туралы хабардар етті.
Ұлттық жоба аграрлық ғылымды дамытуға және мамандар даярлауға ерекше көңіл бөледі. Ғылымның нақты өндірістен алшақтығын еңсеру, сондай-ақ оны әлемдегі ең озық қолжетімді технологияларды енгізуге қайта бағдарлау міндеті тұр.
Осылайша, аграрлық ғылымды дамыту және жоғары білікті кадрларды даярлау агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда қозғаушы күшке айналатынына сенімдімін, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Жұмыс сапарының соңында Ербол Қарашөкеев Қазақстан малшыларының Бірінші республикалық слетіне қатысты.