Министр Аралды қалпына келтіру үшін не істеліп жатқанын айтты

23 Тамыз 2022, 09:45
1042
Бөлісу:
Министр Аралды қалпына келтіру үшін не істеліп жатқанын айтты

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Аралды сақтау үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еліміздің су объектілерінің экожүйесін сақтау және суды үнемді пайдалану есебінен өнімділікті арттыру міндеті шеңберінде каналдарды, соның ішінде Балқаш көлінің бассейнінде реконструкциялау және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сырдария өзенінің 50 шақырымы тазартылды. Былтыр 22 арнаның су есебін цифрланды. Осы жылы 89 каналды цифрландырамыз, - деді Брекешев Үкімет отырысында.

Министрдің сөзіне қарағанда, осы шаралар Балқаш көліне жылына кемінде 12 текше километр су ағымын қамтамасыз етті, Солтүстік Арал теңізінің көлемі 20,6 текше километр деңгейінде сақталып, суару кезінде су шығыны 200 млн текше метрге қысқартылды, көлемі 230 млн текше метрге су қосымша жинақталған.

Аралды сақтау үшін қазіргі уақытта «Арал теңізінің солтүстік бөлігін дамыту және қалпына келтіру» жобасының техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Сонымен қатар, Ақтөбе облысындағы Шалқар көлін тазарту жұмысы жалғасуда, - деді Серікқали Брекешев.

Сонымен бірге Брекешев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Арал өңірінің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында өткен жылы 100 мың га сексеуіл отырғызғанын атап өтті.

Биыл 250 мың гектар отырғызу жоспарланған. Осы жылдың көктемінде 12 мың гектар сексеуіл отырғызылды, қалған 238 мың гектар алқабындағы бөлігі күзде отырғызылады. Көрсеткіштер толығымен орындалатын болады, – деп мәлімдеді министр.

Өзгелердің жаңалығы