Министр: Ақтау мен Атырау қалаларын дамытудың жаңа жобалары әзірленіп жатыр

27 Қаңтар 2022, 12:48
1437
Бөлісу:
Министр: Ақтау мен Атырау қалаларын дамытудың жаңа жобалары әзірленіп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді.

Екі қаланың әкімдіктері жергілікті және республикалық бюджет, қарыздар мен жеке инвестициялар сияқты түрлі көздерден қаржыландырылатын орам/ауданаралық жоспарларды әзірлеп, бекітіп, инженерлік инфрақұрылымды, тұрғын үй қорын кезең-кезеңімен жаңғыртудың кешенді тәсілін дайындауы тиіс, -деді министр.

Қалаларда өмір сүруге жайлы жағдай жасау үшін олардың құрылысына бірыңғай талаптар енгізу қажет. Қазір біз әзірлеп жатқан қалалар аумағын жоспарлаудың жаңа стандарттарында бірыңғай талаптар көзделеді. Кейін олар бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына негіз болады, - деп атап өтті ол.

Бұған дейін хабарланғандай, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі еліміздің урбанистер қауымдастығымен бірлесіп, Ақтау мен Атырау қалаларын дамытудың жаңа тұжырымдамаларын әзірлеуге кірісті. Жаяу жүргіншілер аймақтары мен велосипед инфрақұрылымын дамыту, жайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру, тұрғын үйлерді, ескірген жылу, сумен жабдықтау және кәріз желілерін жаңғырту, сондай-ақ аулаларды абаттандыру жобаның басым бағыттары болады.

Атырауды дамыту тұжырымдамасында ықшам құрылысты дамыту, 10 негізгі және 6 шағын көшені жаңарту, 10 саябақ пен скверді, сондай-ақ басты бағыттардағы 150-ден астам ғимараттың қасбетін реконструкциялауға назар аударылады. Сонымен қатар, қалаларды дамыту тұжырымдамасында тұрғындардың «Берекелі бастама» арнайы порталында қалдырған ұсыныс-пікірлері қамтылады, -деді Қайырбек Өскенбаев.

Оның атап өтуінше, урбанистердің алдын ала есептері бойынша Ақтау мен Атырауда қалалық кеңістіктер трансформациясы жаяу жүргіншілер санын орта есеппен 30%-ға арттырып, нәтижесінде дүкендер айналымы 17%-ға өседі.

Қауіпсіз жол инфрақұрылымын жасау қағидаттарын ескере отырып, көшелерді жаңарту көлік отынын тұтынуды 30% қысқартады. Ал велосипед жолы құрылысына салынған әрбір теңге бизнестің іргелес инфрақұрылымына 8 теңге табыс әкеледі. Қоғамдық кеңістіктер мен жасыл инфрақұрылым бизнес объектілерінің салық түсімдері мен кірісінің артуына, азаматтардың денсаулығын және экологиялық ортаны жақсартуға, қоғамдық көлікті дамытуға ықпал етеді, -деді ол.

Өзгелердің жаңалығы