Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирус пандемиясы әлемдік бизнеске қатты әсер етті. Халық карантин кезінде негізінен азық-түлік алумен болды.
Қазір тұтынушылардың мінез-құлқы мен талабының өзгергенін көріп отырмыз. Енді халық барлық жағынан қаражатын үнемдеуге көшеді, ал бизнестің бұрынғы қалпына келуі үшін бес жыл уақыт кетеді. Бұл туралы кәсіпкер, экономикалық сарапшы Сырымбек Тау Center of Business Analytics алаңында өткен конференцияда айтты.
Жиын барысында кәсіпкерлер мен экономист сарапшылар карантиннен кейін тұтынушылардың сұранысы қалай өзгеруі мүмкін деген тақырып төңірегінде пікір алмасты. Сонымен қатар карантиннен кейін бизнесті не күтіп тұр, алда экономикалық жағдай мен доллар бағамы қалай өзгереді деген мәселе бойынша ойларын білдірді.
GSB UIB бизнесті таллау орталығының сарапшысы экономист Мақсат Халықтың айтуынша, экономикада тұтынушының талабы өте маңызды. Егер карантиннен кейін тұтынушы талабы дұрыс реттелетін болса, сұраныс жоғары болады әрі коронавиурс әкелген дағдарыстан тез шығамыз. Ол үшін маркетологтар мен қаржыгерлер тұтынушының не қалайтынын алдын ала зерттеп білуі керек.
Егер тұтынушының талғамын дұрыс болжай алмасақ онда экономиканың оңалуы созылып кетуі мүмкін. Сондықтан іскер азаматтар да тұтынушы талабы мен талғамын біліп, алдын ала болжап отырғаны дұрыс. Карантин режимі біздің көп іс-әрекеттерімізді, тұтынушылық талғамдарымызды қатты өзгертіп жіберді. Ертең карантин режимі біткен соң бірден қалыпты жағдайға ораламыз ба? Әлде біз тіптен басқадай көрініске тап боламыз ба, міне соны зерделей білуіміз керек,-дейді ол.
Сонымен қатар ол, макроэкономикалық көрсеткіштеріміз біраз нашарлап кеткенін айтты. Бірінші кезекте наурыз айында теңгеміз құнсызданды, ол да көптеген тауарлар мен азық-түліктің қымбаттауына ықпалын тигізген.
Одан кейін көптеген азаматтардың 42 500 теңгеге өтініш беруін байқадық. 8 миллионнан астам адам өтініш білдірді. Оның 4,2 миллиондай бұл қаражатты алды. Яғни еңбекке жарамды 10 млн-дай адам бар десек, соның жартысы көмекке зәру болып отыр. Бұл үлкен көрсеткіш. Қала сыртында көптеген халық ертең блок бекетті ашса жұмыс істейміз деп үміттеніп отыр. Дегенмен шын мәнінде жағдай қалай болатыны белгісіз, көптеген компаниялар қазір табыссыз отыр. Азаматтар келген кезде жұмыс орны бұрынғыдай қарсы ала ма? «Басқа жұмыс табыңыз немесе төленбейтін демалысқа бара тұрыңыз» деп айтуы да мүмкін. Сондықтан бұл мәселе өте өзекті,-дейді Мақсат Халық.
Ауыл шаруашылығын дамытуды қолға алуымыз керек
YOKOHAMA, TRIANGELE компаниясының Орталық Азиядағы ресми дистрибьюторы, "Daco-motors" компаниясының негізін қалаушы Сырымбек Тау карантин кезінде отандық азық-түлік жеткілікті деңгейде өндірілетінін білдік деген ойын айтты. Карантин кезінде ең жақсы пайда тапқандар азық-түлік сататындар болған.
Пандемия кезінде әлем бойынша халық ақшасын тек азық-түлікке жұмсайтыны белгілі болды. Енді халық барлық жағынан қаражатын үнемдеуге көшеді. Яғни күнделікті пайдаланбайтын заттарға ақша құртпайды. Қазір халықтың 2-3 жылға жететін киім-кешегі бар. Сондықтан киім сататындарға үлкен соққы болады. Бұл жағдай 2024-2025 жылдары бірақ реттелуі мүмкін. Өйткені көптеген ірі компанияларда қалдық тауарлар көп. Мәселен, әлемде көптеген компаниялар 6-8 ай бұрын тапсырыс беріп қояды. Сондықтан олардың қолында қалдық тауар өте көп және қарыздары да көбейіп кетті. Экспорт бойынша алдыңғы орында тұрған Қытайдың өзі қазір тауарын өткізе алмай қиналып жатыр. Мұның бәрі бұрынғы қалпына келгенше бес жыл уақыт кетеді, - дейді ол.
Сонымен қатар, ол карантин кезінде Үкімет жергілікті бизнесті қолдауға 1 трлн теңге қаражат бөлгенін, яғни 8 пайызбен жеңілдетілген несие ұсынғанын айтты. Ол нақты жұмысшылары қысқарып, саудасы тоқтап қалған кәсіпкерлерге беріліп отыр екен.
Бұл тауар айналымы тоқтап қалған компанияларға өз ықпалын тигізеді. Екіншіден, теңгемен беріп отырғандықтан долларға байланып қалудан сәл болсын құтқарады. Менің ойымша, бұл кредитті үш топқа бөліп беру керек еді. Ауыл шаруашылығындағыларға өте жеңіл 2%-бен, импортпен жұмыс істейтін компанияларға 5%-бен, алып-сатар компанияларға 8% бергенде жөн болар еді. Қазір барлығына бірдей 8% беріп отыр. Ауыл шаруашылығын қызықтыру үшін бұл жоғары пайыз, - дейді ол.
Оның айтуынша, Қазақстан мал және егін шаруашылығына бет бұруы керек. Енді әлем бойынша мал етінен басқа етке сұраныс азаймақ. Одан кейін астық сияқты органикалық заттарға сұраныс көбейетін көрінеді.
Карантин бізде азықтың көп қоры бар екенін көрсетті. Енді осы салаға көп көңіл бөліп, көрші елдерге ет, астық экспорттауды қолға алу қажет. Біз көлік шығарып пайда таба алмайтынымызды мойындауымыз керек. Ел болып ауыл шаруашылығын дамытуды қолға алсақ, бұл салада табысқа кенелеріміз анық. Ол үшін ауыл шаруашылығына 2%-бен ұзақ мерзімді кредит беру керек. Карантин кезінде етін жеткізе алмай қалған малшылар бар, одан бөлек қырыққабатын өткізе алмай қалған диқандарды көрдік. Сондықтан осы салаға үкімет тарапынан жеңілдетілген кредит берілу керек, - дейді кәсіпкер.
Сондай-ақ, ол отандық кәсіпкерлер арзан тауарлар шығаруды қолға алу қажеттігін айтты. Өйткені халық енді ертеңгеі күнін ойлап, бағасы жоғары тауарларды алуды азайтады.
Экономнан жоғары тауарлар санын азайту керек. Қазақстан халқының 2-3% ғана бағасы жоғары тауарларды сатып ала алады. Қалған 97% адам бұрыннан эконом тауарларды сатып алатын. Сондай-ақ, отандық кәсіпкерлерді қолдау үшін салықтарды да сәл төмендеткен дұрыс, - деді ол.
Сарапшы сөз арасында егер Қазақстан ЕЭАО құрамында болмағанда доллардың бағамы қазіргіден 18% төмен болар еді деген ойын айтты.
Қазір біздің теңге Ресейдің рубліне қарап тұр. Өткенде 1 доллар 480 теңгеге дейін өсті. Әлем бойынша рубль құлдыраған себепті біздің теңгенің құны да арзандады. Қазір долларға қатысты тек Қазақастанның нарығын есептей алмайсыз, Ресей нарығын бірге санау керек. Карантин кезінде Ресейде және бізде доллар айналымы болмады, сол себепті ұлттық валюта бұрынғыдай мұнайдың бағасына тәуелді болмай тұр. Қазір бізде 1 доллар 417 шамасында, бірақ карантин ашылған соң 450 төңірегінде болады деп болжап отырмын, - деді Сырымбек Тау.
Доллар 500 теңгеге дейін қымбаттайды
"Болашақ" бағдарламасының түлегі, "Ryskulov analitics" орталығының директоры, экономист Жасұлан Күшебаев коронавирус пандемиясы әлем залықтарының мінез-құлқына қатты әсер еткенін айтады. Карантиннен кейінгі жағдай көптеген кәсіпкерге оңайға соқпайтын сияқты. Алайда осы жағдайға тез бейімделе білген бизнес мол табыс табуы мүмкін екен.
Ухань қаласында зерттеу жүргізген кезде мейрамхана иесі клиенттер азайғанын айтқан. Адамдар келмеген соң жұмысшылардың 80 пайызы қысқарған. Бұрын адамдар ұжымдастарымен мейрамханаларға барып тамақтанғанды жөн санаса, қазір адамдар ондай жерге барудан қорқады. Тамақты өздерімен бірге алып келіп, бөлек тыныш жерде ішкенді қалайды екен. Мұндай өзгерістер мейрамхан бизнесіне үлкен соққы болып отыр. Осыған қарап-ақ тұтынушының мінез-құлқы қалай өзгеріп жатқанын көре аламыз, - дейді сарапшы.
Оның айтуынша, кез келген дағдарыста мүмкіндік көзі қатар жүреді. Кім осы дағдарысқа жақсы бейімделе алса сол үлкен пайда табатын көрінеді.
Осы дағдарыстың әсерінен бізде жаңа мықты кәсіпкерлер, компаниялар немесе миллонерлер пайда болуы мүмкін. Кім осы мәселенің шешу жолын бірінші көрсе, солар табысқа жетеді. Қазір пандемияның Қытайдан екінші легі келе жатыр деген қауесет тарап жатыр. "Күзде карантин режиміне қайта келеміз" деген сөздер айтылды. Бұл бизнес осыған дайын болу керек дегенді білдіреді, - дейді ол.
Сондай-ақ, ол карантин уақыты доллар курсына қалай әсер еткенін және алдағы уақытқа өз болжамын білдірді. Оның пайымдауынша, доллар алдағы уақытта қатты өсуі мүмкін.
Қазір теңге сәл болса да нығайды. Бұл әлем елдеріндегі карантин жағдайының жеңілдеуімен мұнайға деген сұраныстың артуынан болды. Бірақ бұл қысқа мерзімді проецесс. Себебі алдағы уақытта доллар бағамы өседі. Оған бірнеше себеп келтіруге болады. Біріншісі, әлемдегі макроэкономикалық тұрақсыздық, яғни АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы. Кеше ғана АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Қытай коронавиурсты зертханада жасап шығарды деп ашық түрде айыптады. Екі ел арасындағы қақтығыс экономикалық соғысқа әкеле жатыр. Сәйкесінше бұл доллардың өсуіне әкеледі. Екіншіден, бізде әлеуметтік шығындар көбейіп кетті. Коронавируске қарсы 6 трлн теңге бөлінді. Бизнес жұмыс істемегендіктен бюджетке қаражат түскен жоқ. Оның үстіне карантиннен кейін шетелдік тауарларды көптеп алып, долларға деген сұранысты туғызамыз. Осы жағдайлардан кейін теңге қайтадан әлсірейді - дейді сарапшы.
Сонымен қатар, ол наурыз айында Ұлттық Банк 1 млрд долларға интервенция жасағанын айтты. Бұндай көлемдегі интервенция соңғы бес жылда жасалмаған.
Ұлттық Банк бұған теңгенің жағдайы нашарлаған кезде оның курсын құтқару мақсатында ғана барады. Егер құтқармаса доллар курсы 600-700 теңгеге кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан долларды жасанды сатып алу арқылы теңгенің құнын арттырады. Бірақ бұл уақытша құбылыс, яғни біздің ауруымызды белгілі бір уақытқа шегерді. Алдағы 2-3 айдың көлемінде біздегі доллар курсы 480-500 теңгенің маңайына баруы мүмкін. Қазіргі 410 теңге бұл реалды курс емес, негізі 470-480 айналасында болу керек, - дейді Жасұлан Күшебаев.
Бұл ішкі туризмді дамытуға қолайлы кезең
GSB Center of Business Analytics сарапшысы, экономист Нұржан Әбдіразақ карантин кезінде мейрамхана, қонақүй саласы зардап шеккенін айтады. Жеткізу қызметі барларға көп шығын келмеген. Одан бөлек, туризм саласы да қатты зардап шеккен.
Н. Әбдіразақ халық арасында сауалнама жүргізіп, олардың тұтынушылық қабілетін болжауға тырысып көріпті.
Біз карантиннен кейін халық көп шоғырланған жерге барасыз ба деген тақырыпта халық арасында сауалнама жүргіздік. Оның ішінде дәмхана, саябақ, ойын-сауық орталығы және тағы басқалары бар. Сонда қатысушылардың 40,5% бармаймын деп жауап берді. Ал, 31,9% барғым келеді, бірақ қорқамын деді, тек 27,6% ғана барамын деп жауап берді. Бұл елімізде халықтың қорқыныш үстінде отырғанын көрсетеді, - дейді ол.
Сонымен қатар, карантиннен кейін қай жақта демалуды жоспарлап отырсыз деген сұраққа респонденттердің 73,2% ешқайда бармаймыз деп жауап берген. 22,7%-ы Қазақстан ішінде демаламыз десе, 4,1% ғана шетелде демалуды жоспарлап отырмыз деген. Бұл да тұтынушылардың мінез-құлқындағы үлкен өзгерістердің болып жатқанын көрсетеді.
Сарапшы бұл жағдайлар ішкі туризмді дамытуға өте қолайлы кезең деген ойын білдірді. Сыртта демалудан қорқып отырған халықты отандық туризм орталықтары қызықтыра білуі керек.