Миллиондаған босқын қыста қиын жағдайға тап болады – БҰҰ

13 Қараша 2022, 17:43
1418
Бөлісу:
Миллиондаған босқын қыста қиын жағдайға тап болады – БҰҰ

Біріккен Ұлттар Ұйымы бағаның көтерілуі, пандемия және экстремалды ауа райының босқындар мен қоныс аударушыларға әсері туралы ескертеді. Бағаның күрт өсуі, індеттің салдары және экстремалды ауа райы Украинада, Ауғанстанда және одан тыс жерлерде миллиондаған адамдарға қауіп төндіруі мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы Комиссарының Басқармасында (UNHCR) ескертілді. Ұйым алдағы айларда гуманитарлық операцияларды қаржыландыру үшін қаражат сұрайды.

Anadolu агенттігінің хабарлауынша, биылғы қыс бұрынғылардың барлығынан да қиын болады. Ішкі босқындар мен елін тастап кеткен адамдарды қоса алғанда, көптеген ішкі қоныс аударушылар аз қаражатын қалай жұмсау керектігін таңдауы керек. Таңдау тамақ, үйді жылыту немесе жылы киім сатып алу арасында болады. Бұл жағдайды Женевада өткен брифингте БҰҰ БЖКБ өкілі Ольга Саррадо айтты.

Оның айтуынша, Таяу Шығыстағы (көбінесе Сирия мен Ирактан келген) босқындар суық және қарлы қыста жұқа шатырларда өмір сүруі керек. Олардың кейбіреулері үшін бұл үйлерінен тыс жердегі он екінші қыс болады. БҰҰ-ның БЖКБ мәліметінше, зорлық-зомбылықтан қашқан 3,4 миллионға жуық сириялық пен ирактық шұғыл көмексіз өмір сүре алмайды.

Сонымен қатар ауқымды экономикалық дағдарыс жалғасып жатқан Ливанда сириялық босқындардың 90 пайызы өте кедейлік жағдайында өмір сүруде. Бұл адамдар дұрыс тамақтанбайды және медициналық көмекке жүгіне алмайды. Олардың көпшілігі қарызға белшесінен батып, күндерін әрең көріп жүр.

Миллиондаған украиндықтардың қазір қиын жағдайда екені атап өтілді. Олар қысты ішкі көшіп-қонушылардың баспаналарында немесе соғыстан зардап шеккен үйлерінде өткізуге мәжбүр болады. Көбісі күн көрісінен айырылып, көмекке тәуелді. Жағдайды су мен электр қуатын берудегі үзілістер қиындатып отыр.

Ауғанстандағы көптеген адам өте ауыр жағдайда өмір сүруде. Онда ауа температурасы қыста минус 25 градустан төмен түсуі мүмкін. Сонымен қатар ел ауыр экономикалық дағдарысты бастан өткеруде, ал кейбір провинциялар мыңдаған адам баспанасынан айырылған маусымдағы жойқын жер сілкінісінен айыққан жоқ.

Гуманитарлық жағдайдың нашарлауына қарамастан, БҰҰ БЖКБ қаржыландырудың болмауына байланысты көмек бағдарламаларын қысқартуға мәжбүр. Жұма күні кеңсе босқындар мен ішкі қоныс аударушыларға қысқы жағдайда көмек көрсету үшін қаражат жинау науқанын бастады.

Өзгелердің жаңалығы