"Миллиардтаған доллар жоғалды": Мәжілісте транзит жүйесі сынға қалды

Мәжілісте көлік-логистика саласындағы жүйелі мәселелер көтерілді.

 Мәжілістің баспасөз қызметі 21 Мамыр 2026, 15:40
21 Мамыр 2026, 15:40
637
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мутәлі Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа депутаттық сауал жолдап, Қазақстанның көлік-логистика саласындағы өзекті мәселелерді көтерді. Депутаттың мәлімдеуінше, еліміз жаһандық тасымалдаудан миллиардтаған доллар табысты уысынан шығарып алып отыр.

Депутат өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды Еуразияның негізгі транзиттік хабына және толыққанды көлік-логистикалық державаға айналдыру жөніндегі тапсырмаларын алға тартты. Мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ел аумағы арқылы өткен транзит көлемі 36,9 млн тоннаға жеткен. Алайда, еліміз халықаралық транзит үшін жай ғана «дәліз» рөлін атқарумен шектеліп қалмауы тиіс.

Әбутәліп Мутәлінің айтуынша, Қазақстанның стратегиялық міндеті – транзиттік дәлізге отандық өндірісті, цифрлық сервистерді және кері экспортты қоса отырып, қосымша құнды қалыптастыру моделіне көшу.

Халықаралық тәжірибе бәсекеге қабілеттілік тек транзитпен емес, оның айналасындағы қосылған құнды қалыптастырумен қамтамасыз етілетінін растап отыр. Мысалы, БАӘ-нің Джебель-Али, Сингапурдың Туас және Германияның Дуйсбург порттары индустриялық-логистикалық экожүйе ретінде жұмыс істейді. Онда жүктер тек тасымалданбайды, сонымен қатар өңделеді, жиналады, қапталады, таңбаланады және сертификатталады, – деді мәжілісмен.

Депутат сонымен қатар Smart Cargo, логистикалық паспорт секілді қазіргі цифрлық бастамалардың бытыраңқы дамып жатқанын және ортақ экожүйеге бірікпегенін сынға алды. Кәсіпкерлердің жолдағы жүктің қай жерде келе жатқанын көруге толық мүмкіндігі жоқ.

Егер қазіргі бытыраңқы тәсілдер сақталса, Қазақстан өнеркәсіптік өсім мен мыңдаған жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігінен қапы қалуы мүмкін. Осыған байланысты «AMANAT» фракциясы Үкіметке мынадай шараларды ұсынды:

  • Арнайы режим енгізу: Еркін экономикалық аймақтар (ЕЭА), индустриялық аймақтар мен логистикалық орталықтарды біріктіріп, хабтардың арнайы реттеушілік режимін құру;
  • Толық цифрландыру: Smart Cargo, «бір терезе» және жүктер трекингін (қадағалауды) бірыңғай жүйеге интеграциялау;
  • Алдын ала төлем моделі: Жүк елге келгенге дейін кәсіпкердің барлық салық, баж және логистикалық шығындарды автоматты түрде алдын ала есептеп, төлей алу мүмкіндігін енгізу;
  • 2035 жылға дейінгі бағдарлама: Еліміздегі барлық ЕЭА мен логистикалық нысандарға ревизия (тексеріс) жүргізіп, «Хабтарды дамытудың 2035 жылға дейінгі ұлттық бағдарламасын» нақты KPI көрсеткіштерімен әзірлеу;
  • Үйлестіру орталығы: Үкімет жанынан халықаралық цифрлық интеграцияны қамтамасыз ететін бірыңғай орталық құру.

Депутат бұл шаралардың елге бөлініп жатқан миллиардтаған бюджет қаражатын толық ақтап, Қазақстанды нақты көлік-логистикалық державаға айналдыратынына сенімді. Үкімет заңнамада белгіленген мерзімде ресми жауап беруі тиіс.

Наверх