Мейрам Қажыкен өскемендік дәрігерлермен кездесті

2 Қараша 2022, 17:07
1217
Бөлісу:
Мейрам Қажыкен өскемендік дәрігерлермен кездесті

Ел Президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкен өңірлерді аралап, тұрғындармен кездесті,  деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі. 

Бүгін үміткер Өскемен қаласында болып, Шығыс Қазақстан ауруханасы диагностикалық орталығының медицина қызметкерлерімен кездесті.

Кандидат жиналғандарға өзі және өзінің сайлауалды бағдарламасы жайлы айтып берді. Содан соң ақхалаттылар да өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Пікір алмасу әсіресе еңбекақыны арттыру, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру, әлеуметтік төлемдер секілді тақырыптармен өрбіді. 

Дамыған елдере медицина саласына деген көзқарас өзгеше. Оларда бұл саланы қаржыландыру ЖІӨ-нің 6%-ына дейін жетеді. Ал бізде – 1,5%. Бұл 4 есе төмен деген сөз. Біздің медицина әсіресе мемлекеттік қаржыландыру есебінен жұмыс істейтін ұйымдар қаржыландырылмайды. Ал қаржыландыру медициналық мекеменің барлық шығындарын өтеуге жеткілікті болуы тиіс. Негізінде денсаулық сақтау саласына реформалар жүргізу – өте күрделі процесс. Бірақ кадрлар даярлау, ғылыми зерттеулер жүргізу және т.б. бағыттарда нәтижеге жете аламыз. Медицина бағыты дамусыз, тасада қалмау керек. Бұл – күрделі де жауапкершілікті міндет. Бірақ мен бұл міндетімді абыроймен орындаймын, – деп атап өтті Мейрам Қажыкен.

Мемлекеттік қаржыландырумен қоса, ерікті медициналық сақтандыру жүйесін дамыту қажет.

Мейрам Қажыкен өз сөзі барысында жалақының ұлттық жүйесі жайына да тоқталды.  Өйткені көпшілік үшін бұл "жұмбақ" болып келеді.  

Қазіргі жалақы жүйесі өте күрделі. Қанша алатыныңызды түсіну үшін бір нәрсені бөліп, көбейту керек. Олай дұрыс емес. Жалақы жүйесі бәріне түсінікті және қарапайым болуы керек. Сондай-ақ өз еңбегіңізге лайықты ақы төленуі тиіс. Ол қаражат сіздің бар шығыныңызға, қажетіңізді сатып алуға, тіпті саяхаттауға да жетуі керек. Бұл сөзге көптеген адамдар күмәнмен қарайтынын білемін. Бірақ бұл – жетуге болатын және жететін нәтиже. Егер нәтижесіз болса, бұл мәселені көтермес едім, – деді кандидат. 

Кездесу қорытындысы бойынша жергілікті кәсіподақ басшысы кандидатқа алға қойған мақсаттарына қол жеткізіңіз деп табыс тіледі.

Өзгелердің жаңалығы