Меценаттар мектеп салуға араласса қоғамға тиімді болар еді – Аймағамбетов

16 Тамыз 2022, 16:15
1829
Бөлісу:
Меценаттар мектеп салуға араласса қоғамға тиімді болар еді – Аймағамбетов

Үкімет кулуарында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов меценаттардың мектеп салуға атсалысқаны қоғам үшін тиімді екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біз меценаттарға мұндай ұсыныспен шықтық. Жалпы, қазіргі таңда меценаттардың қолдауымен салынып жатқан мектептер жоқ емес. Әрине, олардың саны соншалықты көп емес. Өздеріңізге мәлім, ондай мектеп Қосшыда салынып жатыр. Басқа жерлерде де заманауи білім ордалары көтерілуде, бірақ біздің ойымызша мектеп салуға меценаттар қаншалықты белсенді түрде араласса, соншалықты бұл қоғам үшін, мемлекет үшін де тиімді болар еді. Басқа құрылыстардан гөрі, мектеп салып, үлкен мәселелерді шешкен өте дұрыс деп санаймын, – деді Оқу-ағарту министрі.

Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов оқу жылын не себепті ұзартқанын түсіндірді.

Жаңа оқу жылы 31 мамырға дейін ұзартылғанының бірнеше себебі бар. Біріншісі, қазіргі таңда еліміздегі мектептерде орын саны шектеулі, соған байланысты кейбір мектепте үш ауысыммен оқитын сыныптар да бар. Сондай-ақ Алматы қаласындағы мектептердің 50 пайызында оқушылар сенбі күндері оқиды. Егер оқу жылын ұзартсақ, балалардың кестесі реттеліп, бес күндік кестемен оқуына мүмкіндік туады. Бұл оқушылардың да, мұғалімдердің де бос уақытының көп болуы үшін тиімді. Жаңа оқу жылында бір жарым миллион оқушы мен 150 мың ұстаз 36 күн қосымша демалыс ала алады деген сөз. Екіншіден, балалар сенбі күндері отбасымен бірге тиімді уақыт өткізіп, сүйікті хоббиімен айналысуына мүмкіндік артады. Денсаулықтарына да пайдасы тиеді деп айтуға болады, – деді министр Үкімет кулуарында. 

Өзгелердің жаңалығы