Метеорологтар алдағы бес жылда қатты ыстық болатынын болжады

27 Мамыр 2021, 17:48
1628
Бөлісу:
Метеорологтар алдағы бес жылда қатты ыстық болатынын болжады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БҰҰ метеорологтары алдағы бес жылдың бірінде рекордтық ыстық тіркелетінін айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды ТАСС.

Келер ыстық жылдың орташа температурасы 2016 жылдың рекордтық ыстық көрсеткішінен әлдеқайда жоғары болады. Бұл туралы бейсенбі күні Женевада БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі болып табылатын Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) өкілдері хабарлады.

2021 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі аралықта кем дегенде бір жыл ең жылы болатынына 90% ықтималдық бар. Осылайша, 2016 жылы болған аптап ыстықтың рекордтық көрсеткіші жаңарады, - деп атап өтті ДМҰ өкілі. 

Ұйым мұндай болжамды ДМҰ-ның жетекші орталығы қызметін атқаратын Ұлыбританияның метеорологиялық қызметі жүргізген зерттеудің негізінде жасап отыр.

Зерттеу авторлары құрлық пен теңіздің орташа температурасы бесжылдықтың әр жылында индустрияға дейінгі дәуірдің температуралық мәндерінен кем дегенде бір градус Цельсийге жоғары болады деген тұжырым жасады. 

Осы бес жылда температура индустрияға дейінгі деңгейден 1,5 градусқа асып кетуі мүмкін. Сонымен қатар мамандар жоғары ендік аймақтарында және Сахель өңірінде ауа райының дымқыл болатынын, сондай-ақ Атлантикадағы циклон белсенділігінің артуын болжайды.

ДМҰ бас хатшысы Петтери Таалас аптап ыстықтан мұздар еріп, теңіз деңгейі көтерілетінін, табиғат апаттарының көбейетінін айтып, экология мәселесіне баса назар аудару керектігін ескертуде.

Өзгелердің жаңалығы