Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Меркі қант зауыты қызылша өсірушілер алдындағы берешегінің 640 миллион теңгесін өтеді. Бұл туралы облыс әкімінің қант қызылшасын өсірумен айналысатын шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесуінде айтылды.
Кездесу барысында "Меркі қант зауыты" ЖШС-нің ауылшаруашылық тауар өндірушілер алдындағы берешегін өтеу, сондай-ақ қант саласын одан әрі дамыту және қолдау мәселелері талқыланды.
Біз Меркі қант зауытының басшылығымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл мәселені шешу үшін бюджеттен 180 миллион теңге бөлінді. Біздің алғашқы кездесуімізде қант зауытының қарызы 1 миллиард теңгеден асатындығы айтылған. Бүгінге дейін сіздерге 640 миллион теңгеден астам қаржы төленсе, зауыт басшылығы келесі аптада тағы 135 миллион теңгені өтейтіндігіне сендіріп отыр. Бұл мәселе біздің бақылауымызда болады, - деді Бердібек Сапарбаев.
Аймақ басшысы фермерлерді бірігуге шақырып, қызылша өсірушілер қауымдастығын құруды ұсынды.
Біз сіздерді әрқашан қолдап келдік, алдағы уақытта да қолдайтын боламыз. Өз кезектеріңізде сіздер де бірігіп, қауымдастық құрып, егіс алқабын көбейтулеріңіз маңызды. Облыс аудандарынан бірнеше қант шығаратын шағын зауыттардың құрылысын салуды қарастыру қажет. Бұл істе сіздерге "Тараз" ӘКК қол ұшын береді. Біздің міндетіміз – бүкіл Қазақстанды қантпен қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар экспортқа өнім шығару, - деді облыс әкімі.Өз кезегінде аймақтағы тәтті түбір өсірушілер де өзекті мәселелерді шешуге, тұқыммен қамтамасыз етуге, "Аммофос" фосфорлы тыңайтқыштарын жеңілдікпен сатып алуға және субсидиялауға көмектескені үшін алғыс білдірді.