«Мерейлі отбасы»: Биыл бір емес, 17 жеңімпаз анықталады

20 Мамыр 2021, 16:39
3217
Бөлісу:
«Мерейлі отбасы»: Биыл бір емес, 17 жеңімпаз анықталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов айтты.

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жастарға, оның ішінде жас отбасыларға қолдау көрсетіп келеді. Мемлекеттік отбасылық-демографиялық саясат - министрліктің құзырындағы басты салалардың бірі. Бұл бағытқа ерекше мән беріледі. 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні қарсаңында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына өтінімдерді қабылдау басталды, - деді ол.

Конкурсты Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырады.

Министрлік жанынан конкурсты ұйымдастыру, өткізу, үйлестіру жөніндегі арнайы комитет құрылды.

Шахмардан Баймановтың айтуынша, биылғы жылы Үкімет қаулысымен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізудің жаңа қағидалары бекітілді.

Қағидаға сәйкес конкурсты танымал ету және қатысушыларды қамтуды ұлғайту мақсатында конкурсқа қатысуға өтінімдерді отбасылардың өздерінен басқа жергілікті атқарушы органдар және заңды тұлғалар енгізе алады.

Өңірлік кезеңнің барлық жеңімпаз отбасылары үлгілі болып табылғандықтан және жоғары еңбек, спорт, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жетістіктері болғандықтан республикалық деңгейде бір отбасын таңдамай, барлық жеңімпаз, яғни 17 отбасына конкурс лауреаты атағын беріледі, - деп түсіндірді комитет төрағасы.

Конкурстың әділдігін және ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында өңірлік комиссиялардың құрамына азаматтық қоғам өкілдерін, өткен жылдардағы конкурс жеңімпаздарын қосу көзделген.

Конкурс жергілікті атқарушы органдардың ресми сайттарында және әлеуметтік желілерінде онлайн форматта өтеді. Сонымен бірге қазақстандық отбасылардың қоғамдық пайдалы қызметке қатысуы ескеріліп, олардың волонтерлік, қайырымдылық, меценаттық, тәлімгерлік өлшем шарттары іріктеу талаптарына енгізілді, - деп түсіндірді Шахмардан Байманов.

Конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттар мен өтінімдерді аудандық, қалалық комиссиялар 2021 жылдың 15 маусымына дейін қабылдайды. Құжаттарды электронды нұсқада да тапсыруға мүмкіндік бар.

Толық ақпарат Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми сайтында орналастырылған.

Айта кетейік, лауреаттарды марапаттау осы жылы қыркүйек айында Отбасы күні қарсаңында өткізіледі.

Өзгелердің жаңалығы