«Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық байқауының Алматы қаласы бойынша жеңімпазы анықталды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жыл сайынғы дәстүр бойынша Халықаралық отбасы күніне орай биылғы 15 мамырда басталған болатын. Байқауға қатысуға қала бойынша 232 отбасы ниет білдірген.
14 шілдеде аудандық деңгейдегі конкурста үздік деп танылған 8 отбасының құжаттары қалалық комиссия отырысында қаралды.
Сөйтіп «Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық байқауының Алматы қаласы бойынша жеңімпазы Сыбанбековтер отбасы атанды.
Алғашында байқауға қатысуға өтініш бергенде жеңімпаз атанатынымызға сенімді болған жоқпын. Кейіннен, іріктеу кезеңінен өткенімізді естігенде қуаныштан төбеміз көкке жетті. Біздің отбасымыз басқаларға үлгі-өнеге болып, үздіктер қатарынан табылғанына қуаныштымын. Мына әпкелерің екеуміздің отасқанымызға 25 жыл болды. 4 баламыз бар. Жоқшылықта жасымадық, тоқшылықта тасымадық. Осынау өмірде талай белестен өттік. Көлеңкелі күндеріміз де талай болған. Ал ерлі-зайыптының арасында шынайы сезім, төзім, сенім болса, алынбайтын қамал болмақ емес. Мен өмірлік серігімді адаспай тапқан бақытты жанмын. Жасы келген ата-анамды бір қабақ шытпай бақты, балаша мәпелеп қарады. Маған «сен қандайсың» деп қарсы келген жері жоқ. Сондықтан жарыма деген құрметім ешқашан аласармақ емес, – дейді дейді Алматы қаласы «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы Болат Сыбанбеков.
Сондай-ақ іс-шарада қаламыздың аудандық деңгейде жеңіске жеткен отбасылары да марапатталды.
Әуезов ауданы бойынша –Нұрбековтер; Бостандық ауданы бойынша –Мұқановтар; Жетісу ауданы бойынша –Таңатаровтар; Медеу ауданы бойынша –Ивашенко; Наурызбай ауданы бойынша –Сыдықовтар; Түрксіб ауданы бойынша – Жүнісовтер отбасы.
Үлкен экраннан осы мерейлі, үлгілі шаңырақтардың тыныс-тіршілігін бейнелейтін бейнероликті тамашаладық. Бәріне ақшалай сертификаттар табыс етілді.
Айта кетейік, аталған байқау биыл оныншы рет өткізіліп жатыр. Жарасымды жанұя мен ізгілікті қасиеттерге толы әулет қашан да көпке үлгі болуға тиіс. Осындай мақсатта өткізіліп жүрген «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының ғұмыры ұзақ боларына сенеміз.