Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыр жастарының ұйымдастыруымен "Менің елордам!" атты патриоттық акциясы өтеді. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өңірде Елорда күніне орай облыс жастарының ұйымдастыруымен "Менің Елордам!" атты іс-шаралар топтамасы өтеді. Онлайн форматтағы 7 мерекелік шара "Сыр болашағы" ютуб каналында жүргізіледі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысы Қуаныш Жанұзақов мәлімдеді.
Ел астанасы күні аясында өткізілетін барлық шара жастар ресурстық орталықтары және жастар ұйымдары өкілдерімен бірлесіп онлайн форматта болады. Шараның бағдарламасына сәйкес жастардың мерекелік құттықтаулары, челлендждер, жас суретшілер байқауы, интеллектуалды ойындар және пробация есебіндегі кәмелетке толмаған жастарға "Кітап сыйла" акциясы жүргізілетін болады.
Облыс бойынша әртүрлі форматтағы 40 іс-шара өткізілу жоспарлануда. Оның 33-і қала, аудан деңгейінде болса, 7-еуі облыстық. Мерекелік шаралар легі жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған "АРТ" рухани-мәдени клубы мүшелерінің Астана күніне тартуы ретінде "Домбыра думан" атты акциясымен жалғасады.