Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Мен әлі де Венесуэла президентімін": Мадуро сотта мәлімдеме жасады

Кеше, 00:30
1296
Бөлісу:
 Alfredo Lasry R / Getty Images
Фото: Alfredo Lasry R / Getty Images

Венесуэланың бұрынғы президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес Нью-Йорктегі федералды сотта өздеріне тағылған барлық айыптар бойынша кінәсін мойындамады, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.

Ерлі-зайыптылар Бруклиндегі түрмеден Манхэттендегі сот ғимаратына күшейтілген күзетпен жеткізілді. 

Николас Мадуро мен Силия Флореске есірткі терроризміне қатысу және қару-жарақтың заңсыз айналымына сөз байласу жасады деген ауыр айыптар тағылып отыр. Айыптау қорытындысына сәйкес, олар 25 жылдан астам уақыт бойы халықаралық есірткі саудасымен айналысатын топтармен ынтымақтастық орнатып, АҚШ аумағына тыйым салынған заттарды жеткізу арқылы заңсыз табыс тапқан деп көрсетілген.

Сот тыңдауы барысында екі айыпталушы да өздерінің кінәсіз екенін мәлімдеді. Испан тілінде сөйлеген Мадуро өзін Венесуэланың заңды президенті деп атап, Каракастағы үйінен күштеп әкетілгенін айтты. Судья бұл мәлімдемені тоқтатып, мұндай уәждерді айту үшін «басқа уақыт пен орын бар» екенін ескертті.

Сот залындағы ең шиеленісті сәттердің бірі айыптау аяқталған кезде орын алды. Қатысушылардың бірі Мадуроға испан тілінде айқайлап, «жасаған ісі үшін жауап беретінін» айтты. Бұған жауап ретінде Мадуро өзін «ұрланған президент» және «әскери тұтқын» деп атады. Осыдан кейін ол жұбайымен бірге артқы есік арқылы сот залынан шығарылды. Эмоцияға берілген бір көрермен залдан шығарылды.

Сот ғимаратының сыртында да жағдай күрделі болды. Наразылық білдірушілер мен қарсы тарап өкілдері жиналып, ұрандар айтып, барабан соқты. Бір плакатта «АҚШ, Венесуэладан қолыңды тарт» деп жазылса, екіншісінде «Президент Трампқа рахмет» деген жазу болды.

АҚШ-тың Бас прокуроры Пам Бонди Венесуэланың бұрынғы басшысы американдық әділеттің «толық қаһарына» ұшырайтынын мәлімдеді. Ал Дональд Трамп Мадуроны «ауыр сот процесі күтіп тұрғанын» айтты. Дегенмен, бұл іс бірнеше жылға созылуы мүмкін екені де атап өтілді.

Соттың алғашқы отырысы аяқталды. Келесі тыңдау 17 наурызға жоспарланған. Судья Мадуроны сотқа қайта келуге міндеттеді. Қазіргі уақытта Мадуро кепілмен босатуды талап етпейтінін мәлімдегенімен, оның адвокаттары бұл мәселені кейінірек көтеруі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Айта кетейік, Николас Мадуроның қорғаушысы ретінде Wikileaks негізін қалаушы Джулиан Ассанждың мүддесін қорғаған адвокат Джоэл Поллак тіркелген.

Өзгелердің жаңалығы