Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы Жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Нұрым Жаниязов бастаған қазақстандық және Үрімші темір жолының халықаралық қызмет бастығы Лю Шучен жетекшілік ететін қытайлық делегацияның қатысуымен бейнеконференция форматында селекторлық отырыс өтті.
Бейнеконференцияға Достық және Алтынкөл (ҚР), сонымен қатар Алашанькоу мен Қорғас (ҚХР) станцияларының бастықтары да қатысты.
Тараптар ҚР мен ҚХР шекаралық темір жолдары бойынша 2020 жылдың 5 айындағы жұмыс қорытындысын шығарды, жылдың соңына дейін жүк тасымалы көлемін орындау жөніндегі шараларды қарастырды.
Соның ішінде Достық-Алашанькоу және Алтынкөл-Қорғас шекара өткелдері арқылы пойыздар өткізгіштігін арттыру бойынша бірлесе атқаратын іс-қимылдар талқыланды. Қазіргі таңда Қазақстан аумағында ҚХР-на импортқа арналған өнімдер бар 9 мыңға жуық вагон жинақталып қалды, сондықтан шекаралық станциялар арқылы пойыздар өткізгіштігін арттыру аса қажет.
Биыл бес ай ішінде ҚР мен ҚХР арасындағы тасымал көлемі 8 млн тонн жүк болып, оның 2019 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 28%-ға артқаны атап өтілді. Оның ішінде Достық станциясы арқылы 6 млн тонна түрлі жүктер тасымалданған, бұл 2019 жылдың қаңтар-мамыр аралығындағы көрсеткішке қарағанда 24%-ға көп, ал Алтынкөл станциясы арқылы 2 млн тонна жүк өткізіліп, оның өсімі 44%-ды құраған.
Селектор барысында таяу уақытта Достық станциясынан Алашанькоу станциясына тәулігіне 16-18 пойыздан жөнелту, ал қабылдау жөнінен тәулігіне 12 пойызға дейін қабылдау бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.
Нұрым Жаниязов атап өткендей, бірлеске шаралар жүк тасымалы көлемін арттыруға ықпал етеді, қазіргі сәтте шекаралық станциялардың бұған техникалық мүмкіндіктері жеткілікті.
Өз кезегінде қытай тарапы Қорғас станциясының өткізгіштік қабілетін арттыру үшін дамытуға инвестицияны көбейту жөнінде жоспарлары туралы мәлімдеді.