Мемсыйлық кімдерге беріледі? Сыйақы мөлшері қанша?

18 Қазан 2022, 17:47
4671
Бөлісу:
Мемсыйлық кімдерге беріледі? Сыйақы мөлшері қанша?
Фото: BAQ.KZ

Мемлекеттік сыйлық – еліміздің мәдениетін дамытуға ерекше үлес қосқан әдеби туындыларға берілді. Сыйлық екі жылда бір рет беріледі. Әлі де маңызын жоғалтпаған наградаға кеңінен тоқталдық, - жазады BAQ.KZ тілшісі. 

Еліміздегі ең жоғары марапаттар қандай? 

Ең жоғары дәрежелi ерекшелiк белгiлерi – «Алтын Қыран» орденi, «Халық қаhарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтары, сонымен қатар жоғары дәрежелі наградаларға ордендер, медалдар, құрметтi атақтары және Құрмет грамотасы,  мемлекеттiк наградалар кіреді. 

Кеңес кезінен қалыптасқан ең бағалы марапаттың бірі - Мемлекеттік сыйлық. 

Мемлекеттік сыйлығы Қазақстан КП ОК мен ҚазКСР Министрлігі Кеңесінің каулысымен 1965 жылғы 15 наурыздан беріліп келеді.

Әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық ел мәдениетін дамытуға ерекше үлес қосты деп танылған үздік шығармалар үшін 2008 жылдан бастап беріліп келеді.

Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық экономикалық және әлеуметтік дамуды жеделдетуге ықпал еткен қазақстандық ғылым-техниканың озық жетістіктері мен қолданбалы зерттеулер саласындағы үздік нәтижелері үшін 2015 жылдан бастап беріліп келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 наурыздағы №292 Жарлығымен Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығының атауы Қазақ­стан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығы деп өзгертілді.

Марапат туралы пікірлер 

2012 жылғы мемлекеттік сыйлық иегері Несіпбек Айтұлы: 

Мемлекеттік сыйлық біз ойлап тапқан дүние емес, қалыптасып қалған, дәстүрге Мемлекеттік сыйлық, біріншіден, қазақ әдебиетінң беделін көтеріп, қаламгерлерді ынталандыру үшін қажет. Шығармашылық адамы үшін бұл бір шың. Қаламгерлердің қаламын шыңдайтын ұлы белес. Әркім сол шыңға шыққысы келеді. Оған тапсыруға, өзін-өзі ұсынуға құқылы. «Неге ұсындың?» «Неге ұсыныласың?» деп зиялы қауымның бірін-бірі мүйіздеп жатуы дұрыс емес. Ұсынылғандардың лайықты-лайықсызын айналып отырған өте мәртебелі мемлекеттік марапат. Меніңше, ол керек. Мемлекеттік мәртебелі комиссия қарайды. Туындылардың барлығы да комиссияның қатаң сүзгісінен өтеді. Жан-жақты қаралады. Ең соңында лайықтысы ұсынылады, - деді ақын Несіпбек Айтұлы.

2006 жылы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған Есенғали Раушанов (марқұм) пікірі: 

«...Қазақ ешқашан тұлпар мен жабыны бір бәйгеге қоспаған. Біздің заманда сол мүмкін болып тұр. Мысалы, анау бір кісінің мынау бір туысы, інісі, құдасы Мемлекеттік сыйлық алады, оған ешкім таңғалмайды. Есесіне, Тынымбай Нұрмағамбетов, Серік Ақсұңқарұлы немесе Жәркен Бөдеш алмай қалуы мүмкін. Баяғы заманда мұндайға таңғалатын едік, қазір таңғалатын түк те жоқ. Сол заманда Тынымбайдың, Серіктің,  Жәркен Бөдештің, Тыныштықбек Әбдікәкімовтың намысын қорғайтын, солардың жыртысын жыртатын әдеби сын, әдеби орта – Жазушылар Одағы бар еді. Қазір ол жоқ, - деген жазушы.

Жазушы Несіпбек Дәутайұлы (марқұм) айтуынша, бұл сыйлықты алғандар сүйкімсіз көрінеді. 

Мемлекеттік сыйлық алғандар «сүйкімсіз» көрінеді» деген сөз бар, оның рас. Бұлай айтылуына қарағанда оның астарында бір шындық бар шығар. Мемсыйлықтың берілу жүйесінде де өзің айтқан «ақсақализм», рушылдық көп. Бұдан ешкім де айналып өте алмас, - депті бір кезде Несіпбек Дәутайұлы. 

Мемсыйлықты кім беру керек? 

Белгілі журналист, жазушы Қанат Тілеухан пікірінше, қаламгерге Мемлекеттік сыйлық үкіметтен берілмеуі керек дейді. 

Айтуынша, үкімет бұл саладағы басқа да мәселелерді шешіп алғаны дұрыс. 

Мемлекеттік сыйлыққа түсу үшін жазушы өзін-өзі ұсынады. Осылай адамды қорлауға бола ма? Мұндай «унизительный» талапты кім ойлап тапты? Жалпы үкіметтің мемлекеттік сыйлық беруіне қарсымын. Жазуға жағдай жасайтын түрлі грант, қаламақы мәселесін шешіп берсе жетеді. Кітап нарығын да қалыптастыру қажет – дейді ол.

Жазушының айтуынша, дамыған елдерде ең үлкен әдеби сыйлық қоғамдық қорлардан беріледі.

Мәселен, Нобель сыйлығы мен ағылшындардың Букері, француздардың Гонкур сыйлығын алып қарасақ, оларды сол елдің билігі мен үкіметі  бермейді. Меніңше, біздегі ең үлкен сыйлықты Қазақстан Жазушылар Одағы беруі керек. Өйткені бұл одақта Мұхтар Мағауин, Олжас Сүлейменов, Төлен Әбдік және Дулат Исабеков т.б сияқты қаламгерлеріміз бар. Мұндай тұлғалардың талғамы арқылы шығармаң бағаланып жатса жақсы емес пе?! – дейді Қанат.

Әдебиет пен өнерге мемлекеттік сыйлық қажет пе?

Мемлекеттік сыйлық – Совет кезінен қалған дүние. Қазір декоммунизация туралы айтып (коммунизмнен арылу, дамыған отыз елге қосылу т.б.) жүрміз ғой, соны мәдениет, әдебиет саласына жасау керек. Билік өркениетті отыз елге қосыламыз деген әңгімені жиі айтады, демек сол өркениетті елдердің ұстанымына жақындау керек. Жалпы кез-келген өркениетті елде мемлекеттік сыйлық деген жоқ. Мысалы, Макрон ешкімге сыйлық бермейді. Ангела Меркель де жазушыға да, режиссерге де, суретшіге де, жалпы өнер адамына  сыйлық бермейді. Меніңше, сыйлықтың ең үлкені – қоғамдық сыйлықтар (қоғамдық ұйымдардың, қорлардың сыйлықтары). Барлық дамыған елдерде, өнерді сыйлайтын елде, әсіресе мәдениетті, әдебиетті жоғары бағалайтын елдерде билік ешкімді марапаттамайды. Өнерпаздың биліктің қолынан марапат алуын дұрыс емес деп есептеймін. Ал мемлекеттік сыйлықтың әділетті немесе әділетсіз беріледі деген әңгіме баспасөзде көп айтылады. Әсіресе ақын-жазушылар дуылдатып жүреді. Марқұм Герольд Бельгер ақсақал өзінің бір сұхбатында мелекеттік сыйлықтың әділетсіз берілетінін, жалпы комиссияның сол бәйгеге түсіп жатқан шығармаларды оқымайтынын айтқан болатын. Біз Герағаңды әділетті айтатын кісі ретінде танимыз, - деген еді Қанат Тілеухан. 

Ақшалай сыйлық құны қанша? 

Бейресми ақпарат бойынша, мемлекеттік сыйлық иегерлеріне ақшалай сыйлық та беріледі. Оның құны бір номинацияға шамамен – 50 мың доллар. 

Биыл қалай анықталады? Қашан беріледі? 

Биыл Мемлекеттік сыйлық лауреаттарын марапаттау Республика күні қарсаңында өтеді. Бұл туралы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның қорытынды отырысында белгілі болды. 

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен биыл Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның қорытынды отырысы өтті. Комиссия мүшелері әдебиет, кино, театр, музыка, сәулет және бейнелеу өнері бағыттары бойынша Мемлекеттік сыйлықтың екінші кезеңіне өткен 10 жұмысты қарады.

Конкурстың екінші кезеңіне өткен шығармалар қоғамда кеңінен талқыланды. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Комиссия мүшелеріне талқылау қорытындысын баяндады. Комиссия жасырын дауыс беру арқылы Мемлекет басшысының қарауына ұсынылатын 2022 жылғы Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығы лауреаттығына үміткерлерді анықтады.

Соңғы рет мемлекеттік сыйлық кімдерге бұйырды?

2020 жылы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның ұсынымдарын қарап шыққан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаулы шығарды. 

Абдрахманов Сауытбек Абдрахманұлына, мәдениеттанушы – «Абыз Әбіш» зерттеуі үшін;

Ақсұңқар Серікке, ақын – «Көкейімде Күлтегіннің жазуы» өлеңдер жинағы үшін;

Есім Ғарифоллаға, жазушы – «Ғұлама-наме» трилогиясы үшін;

Жолдасбеков Мырзатайға, әдебиеттанушы – «Ұлы Дала әдебиеті» тарихи-әдеби зерттеулер жинағы үшін;

Қанапиянов Бақытжан Мұсаханұлына, ақын – «Достояние души» өлеңдер жинағы үшін;

Мұқанова Роза Қажығалымқызына, драматург – «Сарра» драматургиялық шығармалар жинағы үшін;

Нұрмағанбетов Тынымбай Нұрмағанбетұлына, жазушы – «Періштелердің өлімі» прозалық шығармалар жинағы үшін берілсін.

Өзгелердің жаңалығы