Мемлекеттік қызмет саласында жобалық басқаруды қолдану перспективалары талқыланды

22 Тамыз 2020, 18:32
1514
Бөлісу:
Мемлекеттік қызмет саласында жобалық басқаруды қолдану перспективалары талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Zoom байланысы арқылы мемлекеттік қызмет саласында жобалық басқаруды қолдану мәселелерін талқылау бойынша онлайн конференция өтті.

Талқылауға ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі  Әлтайыр Ахметов, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аппарат басшысы Базаралы Бақтыгереев, мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, ұлттық экономика министрлігі жобалық басқару департаментінің директоры Илона Шварцкопф, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының мемлекеттік басқарудағы жобалық менеджментті дамыту орталығының басшысы Арман Евниев және аталған Академияға қарасты кәсіби даму институтының директоры Маргарита Қадырова қатысты.

Конференцияға қатысушылар мемлекеттік қызмет саласында жобалық басқаруды қолданудың артықшылықтарын талқылады, сондай-ақ назар аударуды қажет ететін мәселелерді ортаға салды.

Конференцияны ашқан ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі Әлтайыр Ахметов уақыт талабына сәйкес мемлекеттік басқаруға жаңа тәсілдерді енгізудің маңыздылығын атап өтті. Мемлекеттік басқарудың жаңа тұжырымдамасының идеологиясы әкімшілендіру моделінен сервистік моделге көшуге бағытталғанын айтты.

Кез-келген ұйымда екі негізгі қызмет түрі бар: операциялық және жобалық қызмет. Операциялық-бұл күнделікті, қайталанатын, технологиялық қызмет. Бұл тұжырымдама аясында біз оны дамыту және жетілдіру қажет үдерістік тәсіл ретінде қарастырамыз. Қазір біз мемлекеттік қызметтегі бизнес-процестерді оңтайландыру және автоматтандыру мүмкіндігін қарастырудамыз. Бұл, біздің ойымызша, мемлекеттік қызметшілердің уақытын халықпен сапалы өзара іс-қимылға бағыттауға серпін береді. Егер жобалық басқару туралы айтатын болсақ, біз мемлекеттік басқарудағы проблемалардың реестрін жасадық, олардың шешімін жобалық тұрғыдан көріп отырмыз, - деп атап өтті Әлтайыр Ахметов.

МҚІА аппарат басшысы Базаралы Бақтыгереев жобалық басқаруды енгізу бойынша мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті орган жүргізетін жұмыстарға тоқталып өтті. Аппарат басшысының айтуынша, қазіргі уақытта Агенттік мемлекеттік аппаратты жобалық басқару саласына бейімдеу бағытындағы кедергілерді жою бойынша тиісті жұмыстар атқаруда.

Іс жүзінде жобаны басқаруда өзара іс-қимыл маңызды рөл атқарады. Қазір Агенттік «өзара іс-қимылды» дамыту мақсатында ұйымдастырушылық ортаны өзгерту бойынша жұмыстарды жүзеге асыруда. Әр түрлі қызметтердің, департаменттердің және т. б. мамандардың өзара байланысы, ынтымақтастығы үшін жағдай жасалуда. Біздің барлығымыздың мақсатымыз бір, біз сындарлы өзара іс –қимылды бір жүйеге қоя алсақ,  онда бұл жобалық басқаруды дамытуға одан әрі септігін тигізеді,- деп атап өтті Базаралы Бақтыгереев.

Бұдан басқа, ол агенттік жобалық басқару бағытында іске асырып жатқан «i-kyzmet» жобасы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Бұл жоба мемлекеттік қызметшілерге күнделікті, қайталанатын және түрлі түйіткілдерден арылуға мүмкіндік береді. Яғни, мемлекеттік аппарат кадрлық өзіне - өзі қызмет көрсетуге көшеді және іс жүзінде маңызды істерге көп көңіл бөлуге  мүмкіндік береді, - деді МҚІА аппарат басшысы.

Слндай-ақ, Агенттіктің мемлекеттік органдармен бірлесіп жобалық басқаруды енгізу бойынша жұмысы жалғасатыны атап өтілді.

Өз кезегінде, Ұлттық экономика министрлігінің департамент директоры Ирина Шварцкопф жобалық басқарудың нормативтік-құқықтық базасын енгізу бойынша жұмыс барысы туралы сөз сөйледі.

Жобалық тәсілді мемлекеттік жоспарлау жүйесінде құжатты іске асыруға енгізу ұсынылады. Жобалық басқарудың көмегімен біз жүйелі реформаларды (мемлекеттік бағдарламалар, өңірлерді дамыту бағдарламалары) іске асыруды және ішкі әкімшілік рәсімдерді жақсартуды көріп отырмыз. Бүгін әкімшілік рәсімдер туралы заңға түзетулер енгізу ұсынылады, өйткені жобалық қызмет бірінші кезекте заңнамалық акт деңгейінде реттелуі және мемлекеттік органдардың құзыретінде жазылуы тиіс, - деді спикер.

Онлайн конференцияда Мемлекеттік басқару академиясының мемлекеттік басқарудағы жобалық менеджментті дамыту орталығының басшысы Арман Евниев өзі басқаратын институтпен жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың қазан айында мемлекеттік сектор үшін жобалық басқару бойынша ұлттық конкурс өткізу жоспарлануда.

Бұл байқау жобалық басқаруды дамытуға және мемлекеттік секторға түрлі жобаларды іске асыруға ықпал етуге серпін береді. Байқауды біз үш номинация бойынша өткізуді жоспарлап отырмыз: үздік жоба, жыл жобасының үздік менеджері, бағдарламаны жүзеге асырудың үздік офисі, - деді Арман Евниев.

Мемлекеттік басқару академиясының кәсіби даму институтының директоры Маргарита Қадырованың айтуынша, мемлекеттік басқару жүйесіне жобалық менеджментті енгізудің сәттілігі көбінесе мемлекеттік органдардың кадрлық құрамының біліктілік деңгейіне, мемлекеттік қызметшілердің белгісіздік жағдайында күрделі мәселелерді шешуде жобалық басқару құралдарын сауатты пайдалану қабілеті мен дайындығына байланысты болып табылады.

Осыған байланысты, Академия білім беру процесіне жаңашылдықтар енгізді, бұл 3000-нан астам мемлекеттік қызметкерді біліктілігін арттыру семинарлары мен қайта даярлау курстары шеңберінде жобалық менеджментті оқытуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесіне жобалық менеджментті енгізудің рөлі мен тарихы туралы пікірімен бөлісті.

Жобалық басқаруды енгізу жұмыстарын біз 2013 жылы бастадық. Ол кезде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жобалық басқаруды дамыту бағыттарын анықтап, осы салада алғашқы сертификатталған жаттықтырушыларды дайындады. Жалпы алғанда, жобаны басқару операциялық блоктың бөлігі болып табылады. Қазір көптеген елдер жобалық менеджментті дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Бұл өте тиімді құрал, - деді Әлихан Байменов.

Сөз соңында ол жобалық басқару мемлекеттік қызмет жүйесіндегі маңызды міндеттерді шешудің ажырамас құралына айналатынына сенім білдірді.

Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар жобалық басқару ашықтықты қамтамасыз етуге, есептілікті болдырмауға, мемлекеттік органдар арасында ынтымақтастық құруға мүмкіндік беретін және алға қойылған мақсаттарға қол жеткізудің тиімді құралдарының бірі болып табылатынын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы