Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Жазықбаев бүгін «Желмая» жобасында қонақта болып, бірқатар түйткілді сұрақтарға жауап берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің үнін еститін мемлекеттік аппараттың болуына қатысты мемлекеттік органдар, мемлекеттік қызметкерлер алдына үлкен міндет қойды. Біз мемлекеттік қызметші болғаннан кейін, елге қызмет қылғаннан кейін мұны іске асыруға тиіспіз. Осы бір жыл ішінде көп дүние өзгерді. Оған біздің елде ғана емес, тұтас әлем елдерінде болып жатқан коронавирус індетінің әсері болды. Мемлекеттің басқару жүйесі өзгеріп жатыр, мемлекеттік қызметшілердің де жұмыс істеу стилі өзгеруде. Бұл үрдіс болашақта әлі де өзгереді деген жоспар бар. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі де өз тарапынан әрқашан ашықтықты қолдайды. БАҚ саласында болсын, өтініштер, арыз-шағымдар болсын, кез келген мәселені ашықтық жағынан қарастырамыз және оған дайынбыз, - деді ол.
Сұхбат барысында Дархан Жазықбаев командалық көшу үрдісіне қатысты ойын білдірді.
Бұл бойынша заңда өзгеріс енгіздік. Әкім немесе министр болсын, 7%-ға дейін жанына кеңесші, көмекші, баспасөз хатшысы деген сияқты кадрларды алуға құқылы. Ал, жалпы командалық көшу деген заңда жоқ. Себебі, біздегі әр мемлекеттік қызметші лауазымына конкурс жарияланады. Қай өңірден, қай саладан келсе де конкурс арқылы анықталады, оның ішкі тәртібі бар, - деді ол.
Агенттік төрағасының орынбасары кейде конкурстық арыздардың да түсіп жататынын жасырмады.
Кейде конкурстық арыз-шағымдар түседі. Біздің тиісті департаменттер барып тексергенде, конкурстық тәртіп процедураларының бұзылғаны анықталып жатады. Кейде күні дұрыс белгіленбейді немесе адамдарға конкурс уақыты дұрыс хабарланбайды, осы сияқты кадрлық жұмыстан кететін қателіктер болады. Біз бұл мәселелерді пысықтап, қажет болған жағдайда әкімшілік құқықбұзушылық бойынша жауапкершілікке тартамыз, - деді Жазықбаев.